Басты Жаңалықтар Орталық Азия елдері браконьерлермен біріге күресетін болды

Орталық Азия елдері браконьерлермен біріге күресетін болды

Орталық Азия елдері браконьерлерге қарсы күресте өзара күш біріктірмек. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан табиғат қорғау ісі бойынша аймақтық жоспар құрып, арнайы декларация қабылдады. Енді аң-құсты, балықты заңсыз аулағандар, сирек кездесетін өсімдік түрін қасақана жойып табиғатқа зиян келтіргендер ісі шекара талғамайтын болады. Іргелес жатқан төрт елдің құқық қорғаушылары оларға қатысты шара қолдануға құқылы. Қоршаған ортаны қорғаудан кеден қызметі мен сот органдары да шет қалмайды. Жануарлар әлеміне қатысты қылмыспен күресу үшін бірлескен жедел топтар құрылып, мониторинг жүргізіледі. Заманауи технологиялар енгізіліп, өзара ақпарат алмасу жолға қойылмақ.

Шухрат Мурадов, Қоршаған ортаны қорғау технологиялары ҒЗИ директоры, экологиялық сарапшы:

Орталық Азия елдерінде жабайы жануарлардың тіршілік ету ортасын сақтау баршамыз үшін маңызды іс. Климаттың өзгеруі, қуаңшылық пен өзге де табиғи апаттар көбейген тұста браконьерлердің әрекеті қосымша соққы болып отыр. Табиғатқа зиян келтіретін қаскөйлерге қарсы бірлескен шараларды күшейту ең өзекті мәселеге айналуы тиіс.


Бөлісу