Құрылыс алаңында құлаған екі жұмысшының жағдайы ауыр
Астанада жыл басынан бері 10 адам өндіріс орнында қаза тапқан. Олардың 8-і құрылысшы. Салынып жатқан нысандарда қауіпсіздік неге сақталмайды? Оны кім қадағалайды? Әріптесім анықтап көрді.
Астанада өткен аптада құрылыс алаңында 15 метр биіктіктен құлған екі жұмысшының жағдайы әлі ауыр. Жақындарының айтуынша, компания қауіпсіздік ережелерін сақтамаған. Құрылыс лифтісінің техникалық жағдайын тексерсе, мұндай жағдай болмас еді, дейді олар.
Айнұр Зұлқарнаева, зардап шеккен құрылысшының әйелі:
Темір сынып кеткен. Тас көтеретін поддон сынып кеткен. Жағдайы өте ауыр. Баспен түскен. Миына операция жасалды. Қауіпсіздік техникасы жоқ, бірінші кезекте қауіпсіздік болуы керек қой. Олар жұмысқа келгенде де қол қойғызбайды екен. Әдетте келгенде, шыққанда қол қойғызу керек қой. Ал ол жерде ондай мүлдем жоқ екен.
Зардап шеккендердің жақындары полицияға арыз жазған. Істің мән-жайы анықталып жатыр. Белгілісі - жұмыс беруші мен құрлысшылардың арасында келісімшарт болмаған.
Ернар Кенжебаев, зардап шеккендердің адвокаты:
Жұмыс беруші байланысқа шыққан жоқ. Негізі заң бойынша олар оқиға орын алғаннан кейін бір күнде Еңбек инспекциясына, СЭС-ке хабарласуы керек. Біз өз тарапымыздан, мен олардың өкілі ретінде полицияға да хабарластым, Еңбек инспекциясына ақпарат бердім.
Астанада жыл басынан бері құрылыста 8 жұмысшы қаза тапқан
Биыл Астанадағы өндіріс орындарында бұдан басқа тағы 42 апат тіркеліп, 10 жұмысшы қаза тапты. Олардың 8-і құрылысшы. Қауіпсіздік өзге өңірлерде де сақталмайды. Жыл басынан бері елдегі құрылыс нысандарында 4500 әкімшілік құқық бұзу фактісі тіркелген. Еңбек инспекциясы мердігерлерге 4 мыңдай хаттама толтырып, 1,5 миллиард теңге айыппұл салған. Десе де салық төлемеу үшін еңбек заңнамасын сақтамайтын компаниялар азаймай тұр.
Төлеген Күнәділов, қалалық кәсіподақтар орталығының төрағасы:
Жыл сайын елордада болатын жазатайым оқиғалардың 80 пайызы осы құрылыс нысандарында орын алады. Қылмыстық іс қозғалған кезде жұмысшымен шарт жасасты, сол ғана жауап береді. Ал қосалқы мердігер жауапқа тартылмайды. Дегенмен заңға сәйкес бас мердігер еңбек заңнамасын қадағалауға тиісті. Қосалқы мердігердің бәрінде келісімшарт бар ма тексеру керек.
Құрылыс алаңында құлаған екі жұмысшының жағдайы ауыр
Ал бесінші қабаттан құлаған екі құрылысшының бас сүйегіне қатты зақым келген. Біреуі дәл көзінің тұсынан соққы алған. Енді көру қабілеті қалыпқа келе ме, жоқ па белгісіз дейді дәрігерлер. Жақындары жұмыс берушіден өтемақы талап етпекші. Алайда заңгердың айтуынша, келісімшарт болмағандықтан, жұмысберушінің төлеуі екіталай. Бірақ куәгерлер мен шотқа түскен жалақының мерзімі арқылы құрылысшылардың сол компанияда жұмыс істегенін дәлелдеуге болады. Нәтижесінде компания қауіпсіздікті сақтамағаны және еңбек заңнамасын бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы