Әлемдік деңгейдегі геологиялық кластер ашылды
Жезқазған қаласында әлемдік деңгейдегі геологиялық кластер ашылды. Арнайы орталық барлау жұмыстарының барлық кезеңін бір алаңға тоғыстыратын, Орталық Азиядағы теңдесі жоқ нысанға айналды. Сондай-ақ жаңа кластер ел экономикасының негізгі секторлары үшін білікті кадрлар даярлауға мүмкіндік бермек.
Заманауи кластер - Қазақстан геологиясын жаңа деңгейге шығаратын бірегей орталық. Оқу орталығы мен зертханалық кешеннің бір жерде орналасуы геологиялық ақпаратты жедел алуға және соның нәтижесінде барлау жүргізу барысында дереу шешім қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл- Орталық Азия бойынша ең ауқымды әрі алғашқы нысан.
Нұрахмет Нуриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:
Біздің мақсатымыз тек мыс өндірісін ұлғайту емес. Осы арқылы Жезқазғанның ғылыми-өндірістік әлеуетін арттырып, экономикасын дамыту. Геологиялық кластер аймақта жаңадан жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Болашақта Ұлытау-Жезқазған өңірі мықты кадрлардың ұстаханасына айналады. Жоба Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасын жалғастырып, Қазақстанның заманауи геологиялық мектебінің дамуына үлес қосады.
Кластер құрамында еліміздегі ең ірі керн сақтау қоймасы да бар. Бұл кез келген уақытта бастапқы деректерге оралып, геологиялық модельдерді нақтылауға ыңғайлы етіп жасалған. Ал әлемдік өндірушілердің озық құрал-жабдығымен жасақталған геофизикалық зертхана елдің ғылыми-зерттеушілік әлеуетін дамытуға мүмкіндік бермек.
Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл әлемдегі 8 ғылыми иновациялық орталық болып есептеледі. Әлемдік стандарттарға сәйкес, мұнда өндіріс те, ғылым да, әлемдік деңгейдегі зертханалар да бар. Кадрлар да дайындалады. Жалпы, ғылымға, өндіріске не керек бәрі біріктірілген.
Жобаға «Қазақмыс корпорациясы» 11 млрд теңгеге жуық қаржы құйған. Көп ұзамай мұнда 200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады. Алдағы уақытта бұл орталық аймақтың кадрлық әлеуетін күшейтіп, робототехника мен аспап жасау бойынша жаңа мамандар даярлай бастайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы