Басты Жаңалықтар Өзбекстанда Абайды дәріптейтін әдеби кеш өтті

Өзбекстанда Абайды дәріптейтін әдеби кеш өтті

«Ұлы ағартушы Абай Құнанбаев – достық пен гуманизмнің жыршысы». Өзбекстанның қазақтар көп шоғырланған Жоғарғы Шыршық ауданында осындай атаумен әдеби кеш өтті. Бұл шара Абай мұрасын дәріптеуге, рухани құндылықтарды нығайтуға бағытталған.

Қандастарды Хакім Абайдың жырларымен сусындатуға ұлы ақын туып өскен Семей топырағынан бір топ өнер иесі арнайы келген. Олар жергілікті жұрттың ерекше ықыласына бөленді. Өлең- жыр оқып, қазақтың әндерін шырқаған қонақтарға жұрт толассыз қол соғып, ризашылық білдірді.

Бекзат Омашев, Семей музыкалық драма театрының әртісі:

Өзбекстанға Абай атамыздың образын сомдап келіп жатырмыз. Әсер керемет, бұл жердегі қазақ қандастарымыз құшақ жая қарсы алып жатыр, шын Абай атаны көргендей болдық деп толқып жатыр, барлығына рахмет.

Тамыз айында Ташкент шаһарында бастау алған мәдени шаралар легінен ауыл аймақтағы ағайын да шет қалмады. Қыркүйектен бері қазақ мәдени орталықтары мен мектептер ұлы ақынның 180 жылдығын атап өтуді жалғастырып келеді. Бүгінгі шара қорытынды жиын ретінде өтті.

Аршиддин Абдурохмонов, Юнусобод ауданының тұрғыны:

Абай Құнанбаев қазақ еліне ғана емес, барша түркі халықтарына ортақ тұлға. Түбі бір бауырлас елдерде Абайды білмейтін адам жоқ. Бала кезден ұлы ақынның жырларын жаттап өстік. Абай өлеңдері өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды. Жас ұрпақтың жадында жүретін мол әдеби мұра деп білемін.

Абай мерейтойына Ташкент облысы бойынша қазақ ұлттық мәдени орталығы бастамашы болды. Мұнан бөлек Өзбекстанда тұратын өзге  ұлттардың өнерпаздары да бұл кешке белсене қатысты.

Даир Қалдыбаев, Ташкент облыстық қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:

Негізгі мақсатымыз, ол үшін жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ата аналарға да түсіндіру шараларын алып барып жатырмыз. Халқымыздың амандығы еліміздің тыныштығы керек. Халықтар достығы жалғаса берсін, Қазақстан мен Өзбекстанның достығы бұдан да нығая берсін.

Ұлы ақынның адамгершілікке, парасат пен білімге шақыратын терең философиялық мұрасы жас ұрпақтың кемел адам болып қалыптасуына қызмет ете берері анық. Абай шығармаларына барынша қанық, өлеңдері мен қара сөздерін санасына сіңірген ұрпақтың өсіп келе жатқаны қуантады.


Бөлісу