Басты Жаңалықтар Ұлыбритания көші-қон жүйесін реформаламақшы

Ұлыбритания көші-қон жүйесін реформаламақшы

Ұлыбритания көші-қон жүйесін ретке келтіру үшін тағы бір реформа ұсынып отыр. Мақсат – Ла-Манш арқылы қайықпен барып, босқын мәртебесін сұрайтындардың жолын кесу. Билік сондай-ақ заңды миграцияны да шектегісі келеді.

Шабана Махмуд пәкістандық мигранттар отбасында дүниеге келіп, министр дәрежесіне дейін көтерілген алғашқы мұсылман әйелдердің бірі. Бірақ оның шыққан тегі  босқындарға қарсы әрекет етуге еш кедергі емес. Өйткені елге келіп, салық төлеушілердің есебінен күн көретіндерді жүгендеуді жергілікті халық талап етіп отыр.

Шабана Махмуд, Ұлыбритания Ішкі істер министрі:

Біз баспана сұраушылардың мәселесін 2 жарым жыл сайын қайта қарап отыратын боламыз. Елдеріндегі жағдай тұрақталса, қайтарамыз.

Босқындарға Британияда тұрақты тұруға тек 20 жылдан соң рұқсат ету ұсынылып отыр. Заңды мигранттар да реформаның зардабын шегуі мүмкін. Олар бұл құжатты 10 жылдан кейін ғана ала алады. Бастамаға бірқатар депутат та, қоғам белсендісі де наразы.

Ник Билз, босқындар мен мигранттарды қорғау ұйымының жетекшісі:

Бұл – жүрегі жаралы адамдарды қайта жарақаттап, қоғамды екі топқа: біздікі және бөтендер деп бөлетін болады.
Бұған дейін мұндай қатал шаралар қабылдауға Адам құқықтары жөніндегі Еуропалық конвенция бөгет болды. Үкімет оны реформалау үшін Еуропа кеңесіне ұсыныс білдіргісі келеді. Халықтың пікірі екіге жарылды.

-         Біреудің есебінен өмір сүретіндер көп. Сондықтан менің жасымдағы адамдардың көпшілігі көші-қон жүйесін реттеу керек деп есептейді.
-         Біз әдрайым босқындар өздерін қауіпсіз сезетін аймақ бола білдік. Басқа Еуропа елдері бізден әлдеқайда көп адамдарды қабылдап жатыр.

Бұған дейін де бірнеше Британ үкіметі бұл мәселеге бас қатырып, шеше алмаған еді және бұл бастаманың да нәтижесіз аяқталуы әбден мүмкін дейді сарапшылар.


Бөлісу