Ауладағы спорттық шаралар балаларды белсенді өмірге баулиды
Алматыда әр апта сайын тұрғын үйдің аулаларында спорттық жарыстар ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар қаладағы мыңдаған бүлдіршінді өнер мен спортқа бейімдеп, өз қабілетін шыңдауға мүмкіндік береді.
Алматылық Тілеубай Жұмажанов немересі Әдияны түрлі үйірмеге қатыстырып жүр. Жеті жастағы бүлдіршін сурет салып, ән айтып, би билегенді жақсы көреді.
Тілеубай Жұмажанов, қала тұрғыны:
Екі немерем осы «Даму бала» арқылы қатысады, өте жақсы. Кіші немерем сурет пен биге қатысады. Бәрі тегін әрі үйге жақын орналасқан.
Ал Жанар Сәрсенбекова қос қызын ертіп, аулада өткен спорттық шараға қатысуға келді. Спорт алаңы дәл үйдің жанында болғандықтан, мұндай жарыстарға қатысу өте қолайлы, дейді.
Жанар Сәрсенбекова, қала тұрғыны:
Осындай шаралар аулада жиі ұйымдастырылса екен. Демалыста балаларымызды ертіп, көршілерімізбен түрлі спорттық ойындар ойнап, серігіп қаламыз.
Алмалы ауданы өткізген шара тұрғындарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Алдымен балалар мен ата-аналар екіге бөлініп, арқан тартты. Содан соң, ауладағы спорт алаңында бүлдіршіндер би жарысына қатысты. Шара барысында қол күресі мен баскетбол ойыны да ұйымдастырылды.
Әйгерім Балабаева, «Алмалы аудандық әкімінің аппараты» КММ бөлім басшысы:
Алматы қаласы спорт басқармасының тапсырмасы бойынша спорттық іс-шара өткізіп жатырмыз. Аулаларда спортты насихаттау дегеніміз - ол балаларды ерте жасынан бастап дене шынықтыруға, денсаулығына қарауға пайдалы болып келеді. Сол үшін ұйымдастырып жатырмыз.
Мамандардың айтуынша, осындай шаралар балаларды спортқа баулып қана қоймай, оларды белсенді өмір салтына үйретеді. Ауладағы қолжетімді спорт алаңдары мен тегін үйірмелер олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы