Басты Жаңалықтар Қостанайда бұралқы иттер малға шапты

Қостанайда бұралқы иттер малға шапты

Қаңғыған иттер қорада тұрған малға ауыз сала бастады. Қызыл етке әбден дәніккені сонша күнде бір үйдің қойын тамақтап, құсын қырып кетуде. Қостанай облысындағы Әулиекөл ауданының тұрғындары осылай деп шағым айтады. Әсіресе жағдай биыл ушыққан. Жергілікті жұрттың базынасын өңірдегі тілшіміз тыңдап қайтты.

Әулиекөл ауылының тұрғыны Бейсенбай Балғабайдың 20 бас қойын биыл жазда бұралқы иттер талап кеткен. Түн ортасы жұбайы маңыраған малдың дауысын естіп, сыртқа шықса, қойлары қансырап жатыр. Тек 8 бас малы ғана аман қалыпты. Қандыауыз иттер әлі келгенін сүйреп, қалғанын жара берген.

Бейсенбай Балғабай, Әулиекөл ауылының тұрғыны:

Мына жақтан кірген бетте осы жерден иттер атып шыққан. Секіріп өткен де мынаның ішінде қыра берген ғой. Қанша жыл жинап жүрген малымызды, бір-ақ күнде келді де, қырды да кетті. Шығын ғой енді?! Ит үшін бағып жүрміз бе?! Мысалы, бір апамыздың 29 бас қойын қырып кетті, бір-ақ қойы ғана аман қалған.

Мұндай жағдай Федосеевка ауылында да болған. Шаруа қожалығына жаз бойы қараусыз иттер қырғидай тиіп, қойға қасқырша шапқан. «Бір келгенде 20-30 бастан қырып кетеді. Ату – заңсыз, сондықтан құр қуғаннан басқа амал жоқ»,-  дейді қожалық иесі.

Хасан Әлібеков, Федосеевка ауылының тұрғыны:

Мотоциклге мініп алдым да қудым. Бір 30-40 иттің шамасында санағаным. Себебі, бізде көл бар. Соған иттерді әкеледі де, қалдыра салады. Ешкімге шығын туралы айтып, Үкіметтен сұраған жоқпыз. Бірақ ветеринар-дәрігерлерден көмек сұрадық. Олар жылына тек 50 итке квота бөлінеді деді. Одан артық біз ешнәрсе істей алмаймыз деді.

Иә биыл Әулиекөл ауданында тек 50 иесіз итті аулап, оларды зарарсыздандырып, екпе салуға қаражат бөлінген. Бұл жұмыстар жоспар бойынша толық орындалды. Мамандар «көлемі аз болғанмен, жыл сайынғы жүйелі жұмыс қараусыз көбеюдің санын біршама азайтады»,-дейді. Қоғамдағы жауапсыздықтың да жағдайды ушықтырып отқанын айтады.

Төлеген Иманбаев, облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Ауылдарда жиналған иттер - біреудің иттері. Ол бір жақтан келген ит емес. Адамдар өздері аулаларында ұстамайды. Көбі уақытында тамағын бермей, жіберіп қояды. Содан ол жиналып тістейді. Ит тістеді ме, түлкі тістеді ме, ол малды қарау керек. Ветеринар қызметкерімен жолығу керек. Егер мал өлсе, біздің дәрігерлер сынамасын алып, зертханаға уақытында жеткізуі керек.

Биыл Қостанай облысында барлығы көше кезген 3600-ден аса ит ұсталды. Оның денін екпе салып, қайтадан бос қойды. Ал қоғамға қауіпті деген 414 басы ұйықтатылған. Сондықтан мамандардың айтуынша, зардап шегіп, шығын көрген азаматтардың қолында айғағы, я куәгері болса, бірден ветеринар мамандарға хабарлауы тиіс. Тиісті органдардың көмегімен мұндай иттер арнайы препарат арқылы ұйықтатылады.


Бөлісу