Басты Жаңалықтар Атырауда үш ауылда тышқан қаптады

Атырауда үш ауылда тышқан қаптады

Атырау облысы Махамбет ауданында тышқан қаптап, мектеп пен балабақшалар жабылды. Кеміргіштер үйге кіріп, тұрмыстық жабдықтар мен ас үйдегі тамақтарды бүлдірген. Тіпті адамнан да қаймықпайтын көрінеді. Ал тұрғындар мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегендерін айтады. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ахуалды өз көзімен көріп қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Тышқан қаптаған тұрғын үйлердің біріне кірдік. Көріп тұрсыздар бөлменің жер-жеріне осындай жабысқақ кітапшаларды қойған. Оның өзі тышқандармен толып тұр. Тіпті үлгермей жатырмыз дейді. Шамалы күтсек осы жерде кеміргіштер емін-еркін жүгіріп жүр.

Үйінде тышқан қаптаған тұрғындардың бірі Әзиза Мақатова. Көп балалы ана күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қағылған. Кеміргіштер тіпті ас бөлмесінде де өріп жүр. 

Әзиза Мақатова, Талдыкөл ауылының тұрғыны:

У әкелдік, оған да қарап жатқан жоқ тышқандар. Кішкентай қызым қорқады. Таңға дейін ұйықтамай осы тышқаннан қорғаймыз. Өйткені ол тышқандар жататын көрпе-көпшікке дейін тіпті астымызға дейін өрмелеп шығады.

Тағы екі ауылда дәл осындай жағдай. Бейбарыс, Аққайың ауылдарының халқы да наразылық білдіруде. Эпидемиялық қауіптің алдын алу мақсатында екі елді мекендегі «Балдырған», «Балақай» балабақшалары жабылған.

Қарлығаш Рысқалиева, Талдыкөл балабақшасының қызметкері:

Балалардың төсегінің арасынан шыққандар бар. Үстерінде жүреді. Мына жағында біз тамақ пісіріп жатырмыз. Ол жағын да арамдап жатыр. Мынау егерде баланы тістесе, бір тышқаннан ауру шықса бәрімізді жамандыққа апарады.

Балабақшадан бөлек 2 мектептің 800-ден астам оқушысы онлайн форматта білім алып жатыр. Мамандар білім беру ұйымдарына толық дезинфекциялау, деротизациялау жұмыстарын жүргізген.

Марат Әбуов. Атырау облысы білім басқармасының басшысы:

Улау жұмыстары 3-4 күн тұруы керек. Содан кейін біз қайтадан тазалау арқылы мектеп дайын болған уақытта офлайнға ашамыз.

Ал кеміргіштердің не үшін қаптап кеткені әзірге белгісіз. Жауаптылар мұны су тасқынымен байланыстырып отыр.

Сейілбек Зұлқашев, Бейбарыс ауылдық округінің әкімі:

Су тасқынынан кейін ауыл айналасында шөп қаптады. Адамның бойынан да биік. Сол шөптердің арасында тышқандар ұялап, соның кесірінен келіп жатыр деп ойлаймыз.

Жеке үйлердегі тышқандарды улау бойынша бүгін аудан орталығында жиналыс өтті. Әкімдіктегілер тұрғындарға әзірге у таратумен ғана шектеліп отыр. Қазір ауру ошағы тіркелмегендіктен аудан аумағын жаппай улауға негіз жоқ дейді олар.


Бөлісу