Басты Жаңалықтар Маман: Шала туған шақалақтар саны 16%-ға азайды

Маман: Шала туған шақалақтар саны 16%-ға азайды

Алматыдағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығында мерзімінен бұрын дүниеге келген шақалақтарға ерекше жағдай жасалған. Перзентханада ана сүтін сауып, сақтайтын арнайы қор бар. «Пилоттық жоба неонаталдық өлім-жітімді азайтып, шала туған балаларға көрсетілетін күтім сапасын арттыру үшін таптырмас мүмкіндік»,- дейді мамандар.

Гүлбану Ибрагимова төртінші перзентін мерзімінен бұрын босанған. Шақалақтың салмағы небәрі 1170 грамм, омыраудан ана сүтін еме алмайды. Содан соң дәрігерлер арнайы құрылғы арқылы ана сүтін сауып, нәрестеге берген.

Гүлбану Ибрагимова, көпбалалы ана:

Қазіргі уақытта барлық жағдай жасалған. Үйге кетіп қалсаң да өз сүтіңді балаға беруге мүмкіншілік бар. Ана сүтін сақтауға жағдай жасалған. Техникасымен, арнайы пакетте сауылып, сақталынады.

Перзентханада, әсіресе шала туған нәрестелер үшін ана сүтін сақтайтын арнайы қор бар. Бұл шақалақтардың өмірін сақтап, толық жетілуіне сеп. Сүт осы жерде сауылып, стерильді құтыларға құйылады. Әр құты міндетті түрде белгіленіп, барлық жұмыс санитариялық талаптарға сай орындалады.

Ляззат Оңалбаева, ШЖҚ «Перинатология және балалар кардиохирургия орталығы» КМК бөлім басшысы:

Анасы үйінен келген кезде бұрын сүті тартылып кететін. Қазір осы қор ашылғаннан кейін біз ананы үйретеміз сол сүтті тартылмай, сауып, оны дұрыс сақтап біздің қорымызға қалдырып кетеді. Ол сүт 18 градуста қатырылып, сақталынып отырады. Сонда нәресте реанимация бөлімінде тәулік бойы өзінің анасының сүтімен тамақтандырылады.

Орталықта 1 жыл ішінде 1000 грамға дейінгі шала туған нәрестелер саны 16%-ға азайды. Сол уақытта 78 анадан 178 литрге жуық омырау сүті сауылып алынды. Қарқынды терапия мен реанимация бөлімінде жатқан шақалақтардың 95%-ы осы сүтпен қамтамасыз етіледі. Мамандар ананың сүті нәрестенің өсуі, дамуы және иммунитетін нығайту үшін аса маңызды дейді.


Бөлісу