Оралдан 20 шақырым жердегі Жаңаөмір ауылы өркениет игілігінен тыс қалып отыр
Батыс Қазақстан облысының орталығы – Оралдан 20 шақырым жердегі Жаңаөмір ауылы өркениет игілігінен тыс қалып отыр. Ауылда жол жоқ, жарық жиі өшеді. Қоғамдық көлік қатынамайды. Ал халықтың дені қалада оқып, жұмыс істейді. Ұлттық арнаға жүгінген тұрғындар шағымын тілшіміз тыңдап қайтты.
Қалаға тиіп тұрған Жаңаөмір ауылындағы 22 көшенің тек біреуінде ғана асфальт жабындысы төселген. Қалған көше жолы жаңбыр жауса, ми батпаққа айналады. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген жаңа үйдің айналасы да шұңқыр боп, қазылып қалған. Ауылда жарық жиі сөнеді. Электр желілерінің 80%-ы әбден тозған.
Қайырбек Қазиев, Жаңаөмір ауылының тұрғыны:
Таңертеңнен бері жарық жоқ. Осы жаңа жанды. Жарық болмаған соң интернет те болмайды. Жолымыз осындай. Көлікпен, әсіресе жүк көлігімен жүру мүмкін емес. Қазір ауа райының ашық болуына байланысты ауылға кіре аламыз. Ал оған дейін кіру мүмкін болмады.
Гүлжамал Ихсанова, Жаңаөмір ауылының тұрғыны:
Бізге берілген жаңа тұрғын үйдің айналасында жол жоқ. Қоқыс тиейтін көліктер, асенизаторлар батып қалады. Кіреберіс жол жасалмаған.
Төрт мың тұрғыны бар елді мекенде қалааралық қоғамдық көлік те қатынауын тоқтатқан. Ал бұралқы иттер мәселесі көптің шымбайына батып отыр.
Қарлығаш Бискакова, зейнеткер:
Бір үйде екі студенттен бар. Анасымен қоса үш адам жұмысқа, оқуға шығады. Бірақ автобус жоқ. Бізге қала мен екі ортаға қатынайтын автобус керек.
Елена Боркевич, Жаңаөмір ауылының тұрғыны:
Менің немеремді ит қауып алды. Қаладағы балалар ауруханасына апардық. Одан аудандық ауруханаға жіберді. Бір апта күнде барып екпе алдық. Бұралқы иттер қаптап жүр.
Теректі ауданының Шаған ауылдық округіне қарасты ауылда 900 үй бар. Округ әкімі түйіткілді мәселенің барлығын білетінін, оны шешуге қолдың қысқалығы қолбайлау болып отырғанын айтты.
Ербол Исеев, Шаған ауылдық округінің әкімі:
Жаңаөмір ауылының электр желісін жаңартуға 816 млн теңгеге жуық қаражат қажет болып тұр. Өз тарапымыздан жобалық-сметалық құжаттама жасақтап, жоғары тұрған бюджетке өтінім жолдадық. Жол мәселелеріне келетін болсақ, көктемгі-күзгі уақытта жауын-шашын кезінде қиындық туғызады. Ауылымыздың 9 көшесіне жалпы ұзындығы 5,1 км-ге асфальт төсеу үшін құжаттама дайын. Жоба құны - 688 млн теңгені құрайды.
Орал қаласының жолаушылар көлігі бөлімі ауылға қалааралық
қоғамдық көлікті қалпына келтіру үшін конкурс жарияланғанын хабарлады. Ал
бұралқы иттер мәселесін шешу оңай болмай тұр. Қалай десек те, Жаңаөмір ауылы
атына заты сай болуы үшін облыс басшылығының назары қажет.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы