Елімізде тұрғын үйдің өзіндік құны сатылым бағасынан екі есе төмен
Елімізде тұрғын үйдің өзіндік құны сатылым бағасынан екі есе төмен. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әсіресе Алматыда пәтер бірнеше есе қымбатқа саудаланып жатыр. Экономистер баспана бағасының жоғары болуы сұраныс пен үй салушы компанияларының өз үстемесі деп түсіндіреді. Мегаполисте пәтер бағасының жыл сайын өсуіне не себеп?
Алматылық Жәния Атантаева баспана іздеп 3 жыл жүріпті. Былтыр ғана үйлі болған ол жыл сайын пәтер құны шамамен 5-7 млн теңгеге қымбаттағанын айтады.
Жәния Атантаева, қала тұрғыны:
Бағасы 7 млн теңгеге өсті. Пәтер бағаcының өсуі біздің ақшаны жинай алмай, яғни бәрінен үнемдеуге тура келді.
Айдана Қуантхан, тілші:
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, қазан айында жаңа үйлердің бағасы 12,5%-ға, екінші нарықтағы үйлер 10,2%-ға өскен. Ең қымбат өңір - Алматы, мұнда пәтердің бір шаршы метрі орта есеппен 667 мың теңге. Ал оны салуға кеткен шығын шамамен 264 мың теңге болады. Тіпті ең қолжетімді аймақтарда да нарықтағы баға құрылыс шығынынан жоғары болып отыр. Мысалы, Орал - 299 мың, Ақтөбе - 314 мың, Көкшетау мен Түркістан - 330 мың теңгеден асады.
Осы ретте құрылыс компаниясының дерегіне сүйеніп, тұрғын үйдің бір шаршы метрі үшін қандай шығындар есептелетінін қарастырдық. Нәтижесінде баға тек құрылыс материалдары мен еңбекақыдан тұрмайтыны белгілі болды. Техникалық қадағалау, тұрғын үйді салу барысында жүргізілетін түрлі зертханалық сынақ, жер телімі мен рұқсат құжаттары сияқты қосымша шығындарды да қамтиды.
Гүлім Оразбаева, құрылыс компаниясының ресми өкілі:
Ең бастысы геологиялық іздестіру жұмыстары кіреді. Өйткені бір аймақтың ішіндегі аудандардың геологиялық ерекшеліктері әртүрлі. Соңғы жылдары біздің саладағы бағаға қатты әсер етіп отырғаны - ол құрылыс материалдарының, құрылыс жабдықтарының, логистикалық шығындардың артуы, коммуналдық ресурстар бағасының өсуі.
Ал экономист Ерлан Кәрімов пәтер құнының артуына тағы бір себеп – инфляция мен макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі деп отыр.
Ерлан Кәрімов, экономист:
Бір жағынан құрылыс компаниялары баға белгілейді. Ал олардың негізгі мақсаты сұраныс көп болған сайын бағасын да көбейтеді. Алматыда бір шеті Алатауға тірелетін болса, бір шеті ескі вокзалға тірелетін болса, бос жер телімдері жоқ. Сәйкесінше, қалаға жақын, қаланың ортасы болған сайын құны өсіп жатады.
Экономистердің болжамынша, алдағы жылдары да тұрғын үй бағасы төмендемейді. Қала орталықтарында және сұраныс көп аймақтарда пәтер құны өсе береді дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы