Басты Жаңалықтар Түркістан облысының шаруалары мол мақта жинады

Түркістан облысының шаруалары мол мақта жинады

Түркістан облысының шаруалары биыл ағын су тапшылығына қарамастан мақтадан мол өнім алды. Қазірдің өзінде мақта зауыттарына 428 мың тонна ақ алтын жиналып, өңделе бастады. Ауыл еңбеккерлері мұндай нәтижеге үкіметтің үздіксіз қолдауының арқасында қол жеткіздік дейді. Мәселен, шаруалар үшін биыл қажетті минералды тыңайтқыштар да жанар-жағармай да дер кезінде жеткізілген.

Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылындағы мақта зауытында  қазір қауырт жұмыс.  Тау болып жиналған ақ алтынды жұмысшылар тазартып, өңдеуге дайындап жинап жатыр. Шаруашылық биыл 1100 гектар жерге мақта егіп, гектарына 40-тан 58 центнерге дейін өнім алды. Еңбеккерлер биылғы қуаңшылықтың оңай тимегенін жасырмайды. 
Мейірхан Батырбеков, серіктестік директоры:
Биыл өзі Үкімет, министрліктен адам қойып, бақылауда ұстады. Суды кезекпен берді. Бірақ жаман болған жоқ. Сонда да жақсы өнім алдық. Одан кейін Үкіметтен тұқымдыққа субсидия, жанармай жеңілдетіліп берілді. Дәрі-дәрмектер жеңілдетіліп берілді. Үкіметтен көп жәрдем берді.
Биылғы қуаңшылықтың зардабын жетісайлық шаруалар да бір кісідей еңсерді. Көршілес Өзбекстаннан келетін Достық каналынан алқапты суаратын мақташылар түнделетіп суға кезекке тұрған кездер де болды дейді. Яғни, ағын су жылдағыдан 20 күнге кеш беріліп, бәзбір алқаптар қыркүйек айларында суарылған. Десе де күзде шаруаның еңбегі ақталды.   
Ералы Бекенов, шаруа:

Жалпы, өнімді 30 центнерден алдық. Үкімет тарапынан беріліп жатқан селитралар уақытылы беріліп жатты. Облысымызға министр екі мәрте келіп кетті. Одан бөлек біздің облыс әкімі жиі-жиі аралап тұрды, шаруалардың жағдайын білейін деп. Солардың атсалысуынан өнімдерімізді уақытылы жинап алдық. Шығынымызды ақтадық. Зауыттарға тапсырдық.

Өңірде биыл 144 мың гектар жерге мақта егіліп, бүгінде жиын-терім аяқталды. Өнім зауыттарға тасымалданып жатыр. Өнімділігі жоғары сорттарды егіп, минералды тыңайтқыштарды дер кезінде берілген соң биыл өнім сапасы жақсы дейді мамандар.
Ақтөре Түймебек, облыстық а/ш басқармасының бөлім басшысы:
Дала және жиын терім жұмыстарына 99,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе артық. 781 мың гектар алқапқа 227 мың тонна минералды тыңайтқыштар ендірілді. Одан бөлек көктемгі дала жұмыстарына несиелік-кредиттік ресурстар уақтылы бөлінді.
Өңірде шетелдік компаниялар да Отырар, Мақтаарал аудандары мен Арыс қаласы аумағында 52 мың гектар аумаққа мақта екті. Тамшылатып суару әдісімен егілген ақ алтын гектарына 60-65 центнерден өнім берді. Оң тәжірибені ескерген мамандар шаруаларды келер жылы тамшылатып суару әдісіне көшуге шақырады.


Бөлісу