Басты Жаңалықтар Павлодарда дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Павлодарда дәрігерлер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр

Елде тұмау өршіді. Әсіресе жұқпалы аурулар балалар арасында белең алған. Аймақтардағы эпидахуалды білу үшін өңірдегі тілшілеріміз байланысқа шықты. Әуелі Павлодар облысындағы жағдайды білсек, аурудың бәсеңдейтін түрі бар ма, дәрігерлер не дейді?

Вирустық инфекция өршіп тұр. Павлодар мен Екібастұз қалаларында жедел жәрдемнің жүктемесін азайту үшін емханалар жанынан қосымша мобильдік топтар шығарылып жатыр. Себебі вирустық инфекция биыл жылдағыдан 2 апта ерте тарап, сырқаттар саны күрт өскен. Сондықтан арнайы бригадалар кешкісін күшейтілген режимде кезекшілікке шығады. Қалыпты жағдайда тәулігіне 70-80 шақырту тіркелсе, қазір бұл көрсеткіш 400-ден асып кеткен. Ауырып жатқандардың 70 пайызы - балалар. Негізінен 1 жастан 5 жасқа дейінгі сәбилер жиі ауырып жатыр. Мамандар вирустық инфекция шамамен екі аптадан соң әбден күшіне мініп, сосын ғана бәсеңдеуі мүмкін екенін айтады. Әдетте тұмаудың беті аяз түскен кезде бәсеңдейді ғой. Ал қазір жылымық.

Жамбылда жағдай қалай?

12 мектеп онлайн оқуға көшті

Таразда эпидемиялық ахуал өршуіне байланысты 12 мектеп онлайн оқуға көшті.  Бұған дейін Талас және Меркі ауданындағы білім ұялары қашықтан оқуға ауысқан еді. Соңғы 10 күнде дәрігерлерге 50 мыңнан астам адам қаралған болса, олардың 80%-ы балалар. Қазір қаладағы мың адамға арналған жұқпалы аурулар ауруханасы 90%-ға толған. Төсек орындары жетіспегендіктен, жаңа түскен науқастар Жамбыл және Байзақ аудандарына жіберілуде. Ал 50-ден астам адамнан тұмаудың H3N2 штамы анықталған.

Қостанай облысындағы ахуал

Тәулігіне 800 бала вирус жұқтырған

Денсаулық сақтау басқармасының мәлеметінше, тәулігіне шамамен 800 баладан вирустық инфекция анықталуда. Сондықтан облыста барлығы 6000-нан аса оқушы мен медицина колледжінің студенттері қашықтан оқуға көшті. Ал көпшілік арасында Гонгконг тұмауы аталған вирусты аймақта 18 адам жұқтырған. 12-сі 14 жасқа дейінгі балалар. Бүгінде аймақтағы барлық инфекция бөлімдері 80%-ға толған. Жағдай ушықса, тағы қосымша төсек-орын қоюға мүмкіндік бар дейді мамандар. Ресейден тұмауға қарсы вакцинаның 80 000 дозасы сатып алынды. Бүгінде 77 мыңнан астам адам екпе салдырған.


Бөлісу