Басты Жаңалықтар БҰҰ Орталық Азия елдерінің гендерлік теңдік саясатын қолдайды

БҰҰ Орталық Азия елдерінің гендерлік теңдік саясатын қолдайды

БҰҰ Орталық Азия елдеріндегі әйелдердің құқын қорғау бойынша атқарылып жатқан ілкімді істерді жоғары бағалайды. Бұл туралы ұйым өкілдері Бельгиядағы Қазақстан елшілігінде өткен басқосуда мәлімдеді. Шараны БҰҰ-ның Халыққа қызмет көрсету қоры мен Ұйымның Әйелдер Бағдарламасы бірігіп ұйымдастырды. Еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко жиналғандарға демографиялық тұрақтылықты ілгерілету саласындағы Қазақстанның тәжірибесін таныстырды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық стратегиядағы адам капиталын дамытуға бағытталған шараларды баяндады. БҰҰ өкілдері де Қазақстанның тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылдап, цифрландыру процесін күшейтуін аймақтың өзге елдеріне үлгі етті. Сондай-ақ басқосуда қыз-келіншектердің білім алуына, лауазымды қызметтерде, қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етуіне тең мүмкіндік жасау жайы да талқыланды.

Белен Санс Луке, БҰҰ Әйелдер бағдарламасының Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:

Қазақстан мен Өзбекстан әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау және зорлықтың бұл түрін қылмыс деп тану туралы заңды қабылдады. Бұл кемсітушілікке қарсы күрес үшін жасалған маңызды қадам. Біз әйелдер мен қыздарды цифрлық кеңістікте қорғауымыз керек. Ал Қазақстан цифрландыру саласындағы көшбасшы ретінде бұл кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алады.

Флоренс Бауэр, БҰҰ Халыққа қызмет көрсету қорының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры:

Әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге инвестиция құю, олардың білімін жетілдіру және еңбек нарығына кіруіне жағдай жасау - экономикалық тұрғыдан өте маңызды. Әйелдерге, жастарға, адам капиталына құйған инвестициялар демографиялық дивиденді барынша  арттыруға мүмкіндік береді.

 

 

Бөлісу