Басты Жаңалықтар Орталық Азия бойынша суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады

Орталық Азия бойынша суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жалғасады

Орталық Азия елдері суды тиімді пайдалану бойынша жұмыстарды  жалғастыруға әзір. Бұл туралы Ташкентте өткен «Халықаралық су ынтымақтастығы және су заңнамасын жетілдіру» тақырыбындағы конференцияда айтылды. Сарапшылар солтүстік Арал теңізін толтыру жайына да тоқталды.

Биылғы жылдың ерекшелігі жаңбыр да, қар да аз жауып, аймақ елдері құрғақшылықты бастан өткерді. Қазақстанның оңтүстігінде вегетациялық кезең едәуір ерте басталды. Осыған қарамастан, диқандар егінін суарып, бұйырған өнімін алды. Тіршілік нәрінің әр тамшысын көздің қарашығындай сақтамаса болмайтынын осы қуаңшылық тағы бір еске салғандай.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Су - өте шектеулі табиғи ресурс, оның көлемі жыл өткен сайын кемімесе, артып жатқан жоқ дейді сарапшылар. Есесіне халық саны өсіп, экономика даму үстінде. Ал су төңірегіндегі дипломатия аса маңызды. Тіршілік нәрін тең бөлісуге келгенде аймақтағы әрбір мемлекеттің ұлттық мүддесі ескерілуі тиіс. 

Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері бірлесе жүргізген жұмыстардың арқасында вегетациялық кезең ойдағыдай өтті. Тіршілік нәрін үнемдеу мен су пайдаланудағы оң тәжірибелердің нәтижесі - Арал теңізіне су жіберу жанданып келеді. Жыл соңына дейін теңіздегі су мөлшері 24 млрд текше метрге жетеді деген болжам бар.

Серік Бекмағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитеті төрағасының орынбасары:

Әр республикада су саласында қандай жақсы істер істеліп жатса, біз қуанамыз. Қандай оң нәтижелер болса, бізге де жақсы. Өйткені егер Өзбекстан елі суды үнемдесе, онда сол су Қазақстанға жетеді, сол су ары қарай біздің Аралдың толуына да оң әсер етеді.

Бүгінде аймақ елдерінің шаруа қожалықтары суды үнемдеу технологиясын көптеп енгізуде. Сыр мен Әмударияны қатар емген тату көрші елдер суды тек экономикалық мақсатта  пайдаланумен шектелмейді. Мәселеге экологиялық тұрғыдан қарау жайы тағы бар. 

Равшан Мамутов, Олий мажлис депутаты, аграрлық мәселелер және су қожалығы комитетінің төрағасы:

Қоршаған ортаны қорғау мен суды тиімді пайдалану - бір-бірімен тығыз байланысты. Климаттық өзгерістер уақыт өткен сайын анық байқалуда. Жасыл желекті көбейту, құрғақшылықтың алдын алу мен табиғаттағы тепе-теңдікті сақтау мәселесі бүкіл адамзатты толғандыруы тиіс. 

Суды үнемдеу жайына Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында айрықша тоқталды. Ал Өзбекстан жуырда жаңа Су кодексін қабылдады. Аймақ елдері су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, тапшылықтың алдын алуға бағытталған жобаларды дамытуға мүдделі.


Бөлісу