Басты Жаңалықтар Ақтауда бүлдіршіндер оркестрі гран-при жеңіп алды

Ақтауда бүлдіршіндер оркестрі гран-при жеңіп алды


Ақтауда балабақша тәрбиеленушілері даңғыра, асатаяқ, тұяқтас секілді ұрмалы музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Төрт-бес жастағы өнерпаздар облыстық, республикалық байқауларда бас жүлде алып жүр. Былтыр ұлттық арнада «Дара бала» жобасына да қатысып, көрерменді тәнті еткен. 

Ханшайым Қадырбек 5 жаста. Музыка пәнінің мұғалімі оның өнерге қабілетін байқап, дирижерлікке баулыған. Балалар оркестрінің репертуарында бірнеше күй мен 2 халық әні бар. Бүлдіршіндер көне музыкалық аспап - тұяқтаста ойнағанды ерекше ұнатады. 

Ханшайым Қадырбек, балалар оркестрінің дирижері:

Мені барлық балалар тыңдайды. Өйткені, мен дирижермін. Өскенде жұлдыз болғым келеді. Бұл, барабандар жиынтығы. Біздің оркестріміздің жаңа аспабы. Жалпы, біздің музыкалық аспаптарымыздың барлығы қолдан жасалған.

Балабақшада ұрмалы аспаптар оркестрін құрған Гүлбану Әділбайқызы. Тәжірибелі педагог балаларға музыка пәнінен сабақ береді. Бүлдіршіндердің өнерге қызығушылығын арттыру үшін домбыра, қобыз, сазсырнай сияқты аспапты балабақша қаражатына сатып алынған. Ал барабандар жиынтығын темір, картон қағаз, пластиктен ұстаздар өздері құрастырыпты.    

Гүлбану Әділбайқызы, музыка пәнінің мұғалімі:

Жалпы, балабақша баласы шертетін аспаптарды тарта алмайды. Олардың саусақтары әлі кішкентай. Мысалы, домбыраны тарта алмайды деген сияқты. Көбіне біз ұрмалы аспаптармен жұмыс жасаймыз. Музыка әлемі жасанды және табиғи болып бөлінеді ғой. Сондықтан, балаларға жасанды ыдыстардан қолдан жасаймыз, дыбыс шығаруға аспаптарды дайындап береді. Олар өздері де бізбен қосылып жасайды.

14 бүлдіршіннен құралған оркестр былтыр «Дара бала» ұлттық жобасында көрерменнің көзайымына айналған еді. Ал, биыл Алматыда өткен «Жаңа жұлдыз» байқауында Гран-при жүлдесін жеңіп алды. 


Бөлісу