Қостанай облысында балалар «Келешек мектебінде» білім алады
Қостанай облысының Құсмұрын ауылында «Келешек мектебі» бой көтерді. Бұған дейін оқушылар соғыс жылдары салынған ескі госпиталь ғимаратында білім алып келген еді. Кабинет жетіспегендіктен, екі ауысыммен оқитын. Енді биыл балалар жаңа оқу жылын жайлы мектепте бастады.
Мәдина Нағашыбай тілші:
Бұл - ауыл балаларына есігін айқара ашқан облыстағы алғашқы «Келешек мектебі». 300 оқушыға шақталып салынған. Оқу кабинеттері кең әрі жарық, озық технологиямен жабдықталған. Мысалы, мына STEM зертханасында оқушылар жетекшілерімен бірлесіп, ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Құсмұрын ауылында екі негізгі мектеп бар. Мұнда барлығы мыңнан аса бала оқиды. Ал жаңа бой көтерген нысанда 230-дан аса оқушы қазақ тілінде білім алады.
Мәриям Нұрқанова, №1 Құсмұрын мектебі директорының орынбасары:
Қазіргі кезде балалардың кез келген инновациялық, ЖИ қолдануға жағдай жасалған. Қазір балалардың білім сапасын көтеруге де, ұстаздарға да жан-жақты білім алуға өте қолайлы. Бірінші тоқсанда 7 бала, екінші тоқсанда 4 бала жаңадан келді.
Мұнда барлығы төрт зертхана, бірнеше спорт алаңы, стемлаборотория сынды арнайы жабдықталған сыныптар, коворкинг аймағы, тіпті жайлы кітапханасы да бар. Бір сөзбен айтқанда, балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Фатима Баймұхан, №1 Құсмұрын мектебінің 11-сынып оқушысы:
Мектебімізде робототехника, бағдарламалау және сандық технологиялар жақсы дамыған. Біз өз идеяларымызды арнайы кабинеттерде жүзеге асырудамыз және де біздің ұстаздарымыз өз ісінің нағыз шеберлері. Олар бізге білім беріп қана қоймай, бізді ізденуге, ой еркіндігмізді дамытуға үйретуде.
Бұл жерде жас ұрпақты ұсталыққа баулып, еңбекке шақыратын шеберхана да бар. Мұнда олар ағаш жонып, түрлі бұйым жасайды. Тіпті оны оюмен өрнектеп, ұлттық өнерді меңгереді. Ол үшін керектің бәрі бар.
Ганди Ербол, №1 Құсмұрын мектебінің еңбек пәнінің мұғалімі:
Әрине, ескі мектепке қарағанда болашақ мектебінде жаңадан келген 3D принтерлер бар. Лазерлі станок бар. Ол ескі мектепте болмаған мүлдем. Әулиекөл ауданында да жоқ. Балалар өз қолымен жасап үйренеді. Қолды дамытады, ойды дамытады. Қазір кез келген қолдан жасалып жатқан бұйымдар өте бағалы.
Қостанай облысында ұлттық жоба аясында барлығы 6 Келешек мектебі бой көтерді. Өткен оқу жылы 3300 оқушыны қамтитын 4 мектеп пайдалануға берілген еді. Ал Рудный қаласындағы тағы бір 900 балаға шақталған замануи білім ордасы биыл қолданысқа берілуі тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы