ШҚО-да Ертістің арнасы тереңдетіліп жатыр
Шығыста Ертістің арнасы жыл санап таяздап, жағасы жайылып барады. Салдарынан өзенге жақын қоныстанған елді мекендерге көктемде қауіп төнеді. Глубокое ауданындағы бірнеше ауылдағы шеткі үйлерге жаға 5-6 метрге дейін жақындады. Сондықтан былтырдан бері Ертістің түбі тереңдетіліп жатыр.
Көктемде көп мөлшерде келген судың ағуына өзеннің түбіне жиналған құмқайрақ пен қоқыс кедергі келтіреді. Өйткені Ертістің табаны тазаланбағанына талай жыл болған. Өзенге жақын елді мекен тұрғындары көктем шыға үрейленіп отырады. Өйткені су шайған жаға жыл сайын үйлерге жақындап келеді.
Наталья Мосиенко, Прапорщиков ауылының тұрғыны:
Ешкім үйін тастап кеткісі келмейді. Су басып қала ма деп қорқамыз. Биыл жағдай тіпті күрделі болды. Өзен түбін тереңдету жұмыстарының нәтижесі болатын шығар.
Нәтижелі болу үшін барлық жұмысты мамандар тұрғындардың ұсынысымен істеп жатыр. Ауқымды жобаны қазақстандық инженерлер қытайлық мамандармен бірлесе жүзеге асырады.
Константин Боровиков, Глубокое ауданы ТЖБ бастығының міндетін атқарушы:
Соңғы бірнеше жылда өзен арнасынан асып тұрғын үйлерге дейін жетті. Ауылға қауіп төнбес үшін жағалауды бекітіп, арнасын тазалап жатырмыз.
Ертістің арнасын тазалау үшін әуелі су бөгеледі. Ол үшін арнайы қондырғысы бар екі техника жеткізілді. Сол арқылы өзеннің түбіндегі шөгінді құмқайрақ пен қоқыс шығарылып жатыр. Жақында жер қазатын тағы екі кеме әкелінбек. Жоба бойынша өзеннің түбі 9 метрге тереңдетіледі. Нәтижесінде судың деңгейі 5-6 метрге дейін түседі.
Қайрат Жүсіпов, мердігер компания басшысы:
Гравиймен былтырдан бастап суды бөгегенбіз. Гравиймен көтеріп, елдердің бау-бақшасын су шайып кетпесін деп өткіздік. Қазіргі уақытта тағы да көтеріп жатырмыз. Содан кейін бетондап, су бөгеуіміз керек.
Өзен түбін тереңдететін жер снарядтарына тұрақты техникалық күтім жасау қажет. Сол үшін Ертістің жағасынан кеме жөндейтін шағын зауыт салынады. Ол жобаға мемлекет қаражатымен қатар қытайлық компания инвестиция салуға дайын. Зауыт салынса, Бұқтырма, Үлбі өзендерінің де жағасын бекітіп, арнасын тазалауға мол мүмкіндік туады. Ал Ертістің таяздануының бірнеше себебі бар.
Олжас Керейхан, тілші:
Гидролог-мамандардың айтуынша, Ертістің суы жыл санап таяздап барады. Оның негізгі себебі - шығыстағы көрші мемлекет су қоймаларын көптеп сала бастаған. Екіншіден, қазір өзеннің арнасы мүлде бұзылған. Оған қоса қоқыс та басып жатыр. Сондықтан Ертістің төменгі сағасы өте таяз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы