Басты Жаңалықтар Қазақтың квартеті Карнеги Холда өнер көрсетті

Қазақтың квартеті Карнеги Холда өнер көрсетті

Америкада Чайковский, Битлз, Фрэнк Синатра сияқты әлемнің әйгілі жұлдыздары өнер көрсеткен сахна бар. Оның аты - Карнеги Хол. Сол жерде қазақтың әуезді әні әуелеп, өзіміздің ұлттық музыка салтанат құрды. Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония құрамына кіретін Ғазиза Жұбанова атындағы мемлекеттік квартет АҚШ сахнасында қазақтың музыкалық жауһарларын паш етті.

Қазақтың «Қара торғайы» Карнеги Хол сахнасында қалықтап жүр. Ұлттық музыка америкалық көрерменнің де, концертке арнайы келген Қазақстан диаспорасы өкілдерінің де көңілінен шықты. Әсіресе қобыздың қоңыр үні қазақ даласының тынысын танытқандай.

Карнеги холдың камералық залына жиналған қауым осылайша Қуат Шілдебаевтың квартетке арналған шығармаларын да тыңдады. 30 жылдық мерейтойы аясында халықаралық турнеде жүрген өнер ұжымы бұған дейін Париж бен Мадридте концерт берген.

Аннетт Хайрапетян, БҰҰ Әйелдер гильдиясының президенті:

Бүгінгі концерттен алған әсерім ерекше. Квартеттің талантына қайран қалдым. Өз ісінің маманы екені бірден көрініп тұрды. Карнеги Холға осындай талантты қазақ өнерпаздары келе берсе екен деген тілегім бар.

Ернар Мыңтаев, квартет мүшесі:

Әр музыканттың өзінің бала кезден арманы – осындай атақты сахнаға шығу. Енді мына біздің квартеттің отыз жылдығын атап жатырмыз. Сол отыз жылда осы сахнаға жеттік, арманымыз бір жағынан орындалған сияқты. Енді бұл тек біздің арман ғана емес, біздің еліміздің мәдениетін көрсету - сол арманымыз. Ерекше сезім, ерекше шабыт келіп тұр.

Қазақтың төл өнерін дәріптеп жүрген ұжым сазды саяхатын одан әрі жалғап, АҚШ-тың басқа да қалаларында өнер көрсетті.


Бөлісу