Басты Жаңалықтар Атырау облысындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көп әсер еткен

Атырау облысындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көп әсер еткен

Атырау облысында мемлекеттік грант ұтып алған азаматтар кәсібін дөңгелетіп отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда кәсіпкерлікті дамытуды, әсіресе шағын және орта бизнесті қолдауды ел экономикасының басымдығы ретінде атап өтті. Осы орайда азаматтарға 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріліп, 200-ге тарта тұрғын «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негізде оқытылды. Нәтижесінде бір ғана Индер ауданының өзінде 60-қа тарта азамат өз кәсібін ашқан.

Мемлекеттік грантты ұтып, кәсібін жүргізіп отырған жанның бірі – Индер ауданының тұрғыны Зарина Сағындықова. Қаржылай қолдаудың арқасында өзінің хоббиін кәсіпке айналдырған. Үйінің ауласынан шағын тігін цехін ашып, әртүрлі қолөнер бұйымдарын жасайды.

Зарина Сағындықова, кәсіпкер:

Грант ұтып алғаннан бері осы кәсіппен айналысып жатқаныма 5-6 айдай болып қалды. Осындай неге ашпаймын неге бастамаймын деп, алға қарай ұмтылғым келді. Болашақта өрлеп, өсіп, үлкен цех ашқым келеді.

Ал көпбалалы ана Лаура Мұратқызының ерекше балаларды дамыту орталығын ашқанына 8 ай болған. Мұнда тұрақты түрде 50-ден аса бала келеді. Алғашында қажетті құрал-жабдықтар жетіспеген. Кейін мемлекеттік бағдарлама аясында грант ұтып, орталықты керекті заттармен толықтырған.   

Лаура Мұратқызы, кәсіпкер:

Ең басында бастағанымызда көп ештеңе болған жоқ. Жеңіл-желпі ойыншықтармен бастадық. Төсеніштер де болған жоқ. Содан грант ұтқаннан бері үлкен нәрселерді алдық. Жүгіру жолы, велотренажор секілді көптеген қымбат нәрселерді алдық. Көп көмегі тиді.

Ауданда жыл басынан бері мансап орталығына 3 мыңға тарта адам жұмыссыз ретінде хабарласқан. Оның 164-і «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 57 адамның өз жеке кәсібімен айналысуына жол ашылды.

Динара Мусина, Индер аудандық мансап орталығының басшысы:

Соның ішінде Индер ауданы бойынша 31 адам 1 572 800-ден әртүрлі мақсаттарға қайтарымсыз грант алды. 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Олардың бір жыл бойы жұмыс орындарына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, көмектесіп отырамыз. 

Жыл соңына дейін облыс бойынша мың жобаны қаржыландыру көзделіп отыр. Былтыр ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында «Бизнес аймақ» жобасы арқылы 480 млн теңгеге 32 жоба қаржыландырылып, 21 тұрақты жұмыс орны ашылған. Биыл бұл «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жүзеге асуда. Бүгінге дейін 70-тен астам кәсіпкер қаржылай қолдау алып үлгерген.


Бөлісу