Басты Жаңалықтар Желтоқсанда ауа райы қандай болады?

Желтоқсанда ауа райы қандай болады?

Қыстың жарты айы өтсе де, елдің басым бөлігінде сынап бағанасы плюс көрсетіп тұр. Қазгидромет мұндай ауа райы желтоқсан айында да сақталуы мүмкін деп жатыр. Қарашаның қарсыз өтуіне не себеп?

Биылғы қыс жылдағыдан ерекше. Қараша қарсыз өтіп жатыр. Мамандар қыста ауа температурасы құбылады деп отыр.

Жұлдыз Исабекова, «Қазгидромет» РМК ұзақ мерзімді ауа райы болжамдар басқармасының басшысы:

Желтоқсанға келетін болсақ, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1-2 градус жылы. Яғни, әдеттегіден жылы болады деп болжануда.

Қызығы - мұндай құбылыс әлем бойынша да байқалады. Мәселен, биыл АҚШ-тың 170 қаласына суық шамамен 11 күнге кешігіп түседі, дейді. Мамандардың айтуынша, бұған жаһандық жылыну себеп.

Айдана Қыдырова, эколог:

Ғаламдық жылыну флора мен фаунаға да әсер етеді. Мысалы, қатты жылыну. Оның әсерінен ауыл шаруашылығы егіндері өспей қалуы мүмкін. Ал кейбір жануарлар тіршілік ету үшін қолайлы температура, ылғалдылық, жылу керек. Соның әсерінен олардың өмір сүруіне қауіп төнуі мүмкін.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Бұл - 1984 жылы спутниктен түсірілген Аляскадағы Колумбия мұздығы. Google Earth құралы арқылы біз оның 38 жылда қалай ерігенін көре аламыз. Ал бұл Мадагаскар аралының оңтүстік-шығысында орналасқан орман. Адам әрекетінен жасыл желек осы уақыт аралығында сарғыш, әрі қоңыр түске боялған.

Болат Есекин, эколог:

Біз табиғи процестерге араласып, тепе-теңдікті бұздық. Енді соның салдарын көріп отырмыз. Мысалы, бұрын мұхиттан құрлыққа ылғал жеткізетін табиғи механизм, әсіресе орман алқаптары арқылы жүретін процесс, ормандардың жаппай кесілуіне байланысты бұзылды. Сондықтан жауын-шашын азая береді. Түскеннің өзінде де шамадан тыс көп мөлшерде түседі.

Елдегі жылынудың себебі де осы болуы мүмкін. Ғалымдар Қазақстан аумағына ылғалдың едәуір бөлігі Еуразия орман белдеуі арқылы келетінін айтады. Алайда Сібір мен Еуропадағы орман жамылғысының азаюы бұл табиғи механизмнің әлсіреуіне әкелген.

Дегенмен қыс болмайды деп айтуға да ерте. Өйткені алда әлі қыстың үш айы бар. Кейбір кездері қар жауып, бұрқасын, көктайғақ болады деп болжанып отыр.  


Бөлісу