Ақтауда теңіз солтүстік терминалы арқылы экспорт артты
Ақтауда теңіз солтүстік терминалы арқылы шетелге шығатын экспорт көлемі артты. Биыл он айда су айлағында 700 мың тоннаға жуық әртүрлі жүк ауыстырып, тиелген. Бұл былтырмен салыстырғанда 187 пайызға көп. Бүгінде қазақстандық тауарлар Қара теңіз бен Жерорта теңізі арқылы Еуропа елдеріне тасымалданып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ақтау теңіз солтүстік терминалы халықаралық ТРАСЕКА және «Солтүстік - Оңтүстік» көлік дәліздерінің негізгі бөлігі болып саналады. Стратегиялық маңызды нысанда 3 жүк айлағы, астық терминалы мен контейнер алаңы тәулік бойы жұмыс істейді.
Терминалда мамандар төрт ауысыммен жұмыс істейді. Инженер-технолог Қайрат Қарабасов құрғақ жүктерді тиеп, қабылдау жұмыстарының талапқа сай орындалуын қадағалайды. Оның айтуынша, мобильді крандар күніне 2 мың тоннадан астам тауарды кемеге тиеп, түсіреді.
Біздің терминал екі бағытта жұмыс істейді. Экспорт және импорт. Экспортпен бидай, арпа және аммиак селитрасы, сосын үлкен көлемді контейнерді жөнелтеміз. Импорт бағытында құрылыс материалдарын және де жеңіл көлік қабылдаймыз. Күндізгі ауысым мен түнгі ауысымдарда 1 күнді ауыстырып, тиеп-түсіру операцияларын жүргізіп отырамыз.
Өткен 10 айда экспорт көлемі 537 мың тоннаға жеткен. Ал импорт 160 мың тоннаға дейін ұлғайды. Биыл контейнерлік тасымал көлемі де екі есеге артқан.
Нұрлан Төлеуғалиев, Ақтау теңіз солтүстік терминалы бас директорының орынбасары:
Көрсеткіштеріміздің жоғарылауына себепші болып отырғаны 2025 жылдағы ТМТМ бойынша тасымал. Біз 2025 жылы 17 мың 500 дана контейнерді жібердік. Ол 2024 жылмен салыстырғанда. Себебі жіберген контейнерлердің саны 8 мың 500 болатын.
Солтүстік терминал жылына 3 млн тоннаға дейін жүк қабылдай алады. Соның 1 млн тоннасы астық өнімдері. Мұнда 6 қойманың әрқайсысына 10 мың тонна астық, арпа, жасымық сақталады. Отандық өнім күн сайын Иран, Әзербайжан мен Ресейге тасымалданып жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы