Басты Жаңалықтар «Ұзынағаш – Отар» автожолы ел игілігіне берілді

«Ұзынағаш – Отар» автожолы ел игілігіне берілді

Алматы облысында «Ұзынағаш – Отар» автожолының құрылысы толық аяқталып, халық игілігіне берілді. 42 шақырымдық жол республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің құрамына кіреді.

Көп жылдан бері көлік жүргізушілерін әбден әбігерге салып, тозығы жеткен күре жолдың құрылысы былтыр сәуірде басталды. Тас жолға бірінші Б техникалық санатына сәйкес 4 қабатты асфальт-бетон төселген. 46 су өткізу құбыры мен екі көпір салынды. Ал жоба құрылысын мердігер компания мерзімінен бұрын аяқтапты.

Юксель Баяндурбаш, мердігер компания басшысы:

Жер бедерін қалпына келтіріп, сапалы жұмыс істеу үшін барлық ережені сақтадық. Құрылыс жұмыстарына 90 пайыз Қазақстанда жасалған өнімді қолдандық. Табылмаған шикізатты Түркиядан алдырдық. Жолға 2 жыл кепілдік береміз. Алайда мұның шыдамдылығы одан әлдеқайда жоғары.

Құрылысқа барлығы 163 техника жұмылдырылып, 300-ге жуық маман еңбек етті. Жол салу үдерісі толық бақылауда болып, сапа талаптары қатаң қадағаланған. Мамандар жаңартылған учаске көлік қозғалысын реттеп, транзиттік ағымды әлдеқайда оңтайландырады дейді.

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

Қазақстан бойынша Қытай мен Еуропа аралығында 30 пайыздан аса жүк тасымалы өсіп жатыр. Соның бәрін қамтамасыз ету үшін біз осындай үлкен инфрақұрылымдық жобаларды іске асырып жатырмыз. Мемлекеттік гарантия бойынша Дүниежүзі банкпен қаражат займ бойынша жасалған жол.

Айдана Қуантхан, тілші:

Жоба құны шамамен 34 млрд теңгеден асады. Ал жол жөндеу барысында ескі жабын толық алынып, ені төрт жолақ болып кеңейтілді. Бұл бағыт Алматы мен Жамбыл облыстарын ғана емес, бүкіл оңтүстік өңірді байланыстырады.


Бөлісу