Басты Жаңалықтар Енді Орталық Азия+Әзербайжан форматы жұмыс істейді

Енді Орталық Азия+Әзербайжан форматы жұмыс істейді


Бұдан былай Орталық Азия + Әзербайжан форматы жұмыс істейді. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VII Консультативтік кеңесінде Әзербайжанды отырыстың толық құқылы қатысушысы деп тану туралы шешім қабылданды. Жиында аймақты дамытудың перспективалы тұстары айтылып, ынтымақтаса жұмыс істеу бойынша тың ұсыныстар жасалды.

Орталық Азиямен Әзербайжанның әріптестік орнатуын Қасым-Жомарт Тоқаев тарихи шешім деп бағалады. Қазір Орталық Азия ауқымды трансформация кезеңін өткеріп жатыр. Ортақ күш-жігердің арқасында өңірдің ішкі бірлігі артты. Әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттері аймақтың жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқаратынын мойындайды деген президент «Орталық Азия плюс» форматына қызығушылықтың артуын дәлел ретінде келтірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің ойымша, мұндай серіктестіктің басты мақсаты – өңірдегі тұрақтылықты нығайту және орнықты прогресс үшін жағдай жасау. Елдеріміз бен халықтарымыздың әл-ауқатын, бақуатты тұрмысын қамтамасыз ету.

Былтыр өңір ішіндегі сауда-саттық көлемі 11,5 миллиард долларға жетті. Көрсеткішті 20 миллиард долларға дейін жеткізу үшін қазіргі қарқын сақталуы қажет. Бұл үшін бірлескен жобаларды көбейтіп, көлік жүйесін дамытудың кешенді стратегиясын әзірлеу ұсынылды.

Айнұр Тұқымова, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының сарапшысы:

Ортақ дәліз дегенде Әзербайжан, Грузия, Армения елдері кіреді. Зангизур коридорының енгізілуі де осының бәрі транзитті кеңейтуге жол ашады. Осы елдерді қосу арқылы жалпы Еуразия аумағындағы Орталық Азияның транспорттық әлеуетін кеңейтеміз күшейтеміз.

Азамат Сулиманов, Өзбекстан Президенті Жанындағы стратегиялық және өңіраралық зерттеулер институтының бөлім жетекшісі:

Қазір Оңтүстік Кавказда жағдай айтарлықтай тұрақталды. Консультативтік кездесуге Әзербайжанның қосылуын Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказды жақындастырудың алғашқы қадамы деуге болады.

Орталық Азияда сирек металдардың әлі толық барланбаған бірақ айтарлықтай мол қоры бар. Әлем бойынша сұраныс қызып тұрған шақта бірлесіп инвестор тартудың ұтымды екені айтылды. Өңірде кезек күттірмей шешуді талап ететін мәселелер де бар. Солардың ең өзектісі - су.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Соңғы бес жылда елдеріміз су саясатына қатысты ұстанымдарын жаңғыртты. Су проблематикасының трансшекаралық сипатын ескере отырып, салалық стратегиямызды үйлестіру маңызды деп санаймын. Бұл бір жағынан су үнемдеудің анағұрлым сәтті тәжірибелерін кеңінен тарату үшін қажет. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес Орталық Азияның суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенциясын қабылдауды ойластыруға болады.  

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Жиын қорытындысы бойынша бес елдің Президенті бес түрлі құжатқа қол қойды. Алдымен мемлекеттік сапар барысында Өзбекстанмен өзара байланысты бекемдеп, одан соң консультативтік кеңеске қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаевты Өзбекстан Президенті әуежайдан өзі шығарып салды.
Бөлісу