Басты Жаңалықтар Жылу желілеріндегі ақауды ЖИ-мен анықтауға болады

Жылу желілеріндегі ақауды ЖИ-мен анықтауға болады

Мыңдаған шақырым жылу жүйесіндегі ақауды енді тап басып анықтауға болады. Бірегей цифрлық жүйені Шымкенттегі жергілікті  компания әзірлеген. Тың тәсілдің арқасында шығын көлемін екі есеге дейін азайтып, қаржы мен уақытты үнемдеуге болады дейді мамандар.  Заманауи технологияның артықшылықтарын әріптесім Ернұр Уәли зерттеп көрді.

Ернұр Уәлихан, тілші:

Міне, дәл осы робот жылу желісінің ішкі жағдайын акустикалық резонанс әдісі арқылы тексереді. Ал алынған деректерді жасанды интеллект өңдеп, құбырдың тозу деңгейін анықтайды. Бұл — Қазақстанда алғаш рет сыналған инновациялық жоба.

Қазір Шымкентте жалпы ұзындығы 838 шақырым жылу жүйесі бар. Оның 152 шақырымы магистралдық, қалған 686-сы ішкі орам. Желі 37 пайызға тозған. Жаңа технология желілердің нақты жағдайын анықтап, жөндеуді тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.

Ерболат Мамырхан, энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бөлім басшысы:

Нақты тозығы жеткен, жарамсыз құбырларды ғана ауыстырамыз. Яғни 1 км трубаны біз кесіп ауыстыру керек болсақ. Ал бұл кісілердің жобасы аясында 100 метр болып шығып жатыр кейбір жерлерде 50 метр деген сияқты, біз нақты ғана бюджеттің қаражатын тек қана нақты жоспарға сәйкес қолданатын боламыз.
Айдар Қалдыкөзов, «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК директорының орынбасары:
Қазіргі таңда бұл дрон арқылы біз алдағы 5 жылдыққа жоспар құра аламыз. Дрон арқылы ол тексеріп шыққаннан кейін, келесі жылы мына жерді ауыстыру керек, соңғы 5 жылға дейінгі ауыстыратын жұмыстардың бәрін көрсетіп береді. Тозығы жеткен 60 процент 90 процент деп қызыл сары көк цветтер шығып тұрады, сол көрсеткіштерге байланысты біз жоспарлап жұмысты қоямыз.

Жүйе құбыр ішін 360° сканерлеп, ақау бар учаскелердің картасын жасайды. Жасанды интеллект деректерді өңдеп, жөндеуді қажет ететін тұстарды айна-қатесіз дөп көрсетеді. Бірегей жобаның тиімділігі шаш етектен. Қаржыға үнем, уақыт жоғалтпайды тіпті апаттың алдын алуға болады.

Әзілхан Бапаев, серіктестік құрылтайшысы:

Технология қарапайым: дрон құбырға енгізіліп, орталықтағы сенсорлар арқылы 360° сканерлеу жүргізеді. Алынған ақпарат Big Data мен жасанды интеллект арқылы өңделеді. Бағдарламалық кешен Қазақстанда әзірленіп, авторлық құқықпен қорғалған. Осы әдіс арқылы дефект картасы жасалып, жөндеу бағдарламасын нақты жоспарлауға болады.

Жоба Премьер-Министр төрағалығымен өткен Цифрлық штаб отырысында қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Интеллектуалды жүйеге көршілес Өзбек елі де қызығушылық танытып отыр. Пилоттық жоба оң нәтиже көрсетсе, технология халықаралық деңгейде қолданылуы әбден мүмкін.


Бөлісу