Басты Жаңалықтар Бельгияда қазақстандықтар қауымдастық құрып, қазақ тілі курсын ашпақ

Бельгияда қазақстандықтар қауымдастық құрып, қазақ тілі курсын ашпақ

Бельгиядағы қазақстандықтар қазақ мәдени қауымдастығын құрып, елдің мәдениетін насихаттауға атсалыспақ. Бұл туралы қандастарымыз еліміздің Бельгиядағы төтенше және өкілетті елшісі Роман Василенкомен кездесу барысында мәлімдеді. Оқу, жұмыс бабымен, отбасылық жағдайына байланысты корольдікте тұрып жатқан жерлестеріміз басқосуда ұлттық құндылықты дәріптеуге бағытталған ой-жоспарларын ортаға салды. Олар жас ұрпақ шетелде ана тілін, түп-тамырын ұмытпасын деген мақсатта елшілікте қазақ тілі курсы мен ұлттық аспаптарда ойнау үйірмелерін ашуға ниетті. Сондай-ақ елшілікпен бірігіп, шетелдіктерге елдің бай рухани мұрасын таныстыруға құлшынып отыр. Бельгияның үздік оркестрлерінде ойнайтын қазақстандық музыканттар бірігіп, үлкен концерт ұйымдастырсақ деген ниетте. Таланттар өнерлерін кездесуге жиналған жерлестеріне паш етті.

Аружан Болатбаева, Бельгиядағы қазақ диаспорасының өкілі:

Болашақта елшілікте қазақ тілі мектебін ашқымыз келеді және домбыра үйрену сабақтарын ашқымыз келеді. Өйткені Бельгияда қазақша оқимын деген адам көп. Кішкентай балалар да, үлкендер де және бельгиялықтардың арасында қазақша оқимын, домбыра үйренемін деушілер өте көп.

Тахиржан Бусаков, Орталық Азия тағамдар мейрамханасының қожайыны:

Біз қазақстандық болғандықтан, мейрамханамызда ұлттық киімдерімізді, ұлттық аспаптарымызды, қазақтың дәстүрін шетелдік қонақтарға таныстыратын тақырыптық кештер ұйымдастырғымыз келеді. Асханамыздың бай екенін дәріптесек дейміз. Және қазақ тілін үйретуге, мәдени шаралар ұйымдастыруға ғимарат қажет болса, мейрамханамыздың есігі әрқашан ашық.
 
 

Бөлісу