Алматы облысының Іле ауданында Өтеген батырға ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Іле ауданында Өтеген батырға ескерткіш қойылды

25.12.2018

Биіктігі 10 метрден асатын алып мүсін Алматы-Қапшағай тасжолының бойына орнатылды. Оның ашылу рәсіміне танымал тұлғалар мен тарихшылар қатысып, Өтеген Өтеғұлұлының өмірі туралы ой-толғаныстарын айтты.

Өтеген батырдың өр рухын бейнелейтін ескерткіш Алматы-Қапшағай бағытындағы даңғыл жолдың бойында тұр. 5 тонна қоладан құйылған алып мүсін осы жолмен өтетін жолаушыларға алыстан менмұндалап көрінеді. «Оның тарихи әрі тәрбиелік мәні де зор»,-дейді батырдың ұрпақтары.

Әмзе Исаев, Іле ауданы ардагерлер ұйымының төрағасы:

- Өтеген батыр ауылына кіретін қақпа пайда болды. Соған қуанып жатырмыз. Бұл үлкен мағына беріп тұр. Жастарға үлкен өнеге болмақ.

Ескерткіш авторының сөзінше, мүсін ерекше идеямен жасалған. Жорықтан жеңіп қайтқан батыр алдынан қуана жүгіріп шыққан баланы иығына отырғызып алған. Ал, балдырғанның қолында бозторғай бар. Бұл - жеңіс пен бейбітшіліктің белгісі.

Бақытбек Мұхамеджан, мүсінші:

- Көбінесе найзамен, қылышпен суреттейді. Оны этюдты нұсқа дейді. Мұнда образын біраз ойландым.

Өтеген Өтеғұлұлы - қазақ тарихында өшпес із қалдырған батырлардың бірі. Ерлігі бүгінгі күнге Сүйінбай, Жамбыл, Кенен ақындардың жыры арқылы жетсе, енді осы ескерткіш арқылы келешек ұрпаққа насихатталмақ. «Бұл - тек өнер туындысы емес, бүгінгі буынның тарихи санасын серпілтетін рухани мүсін»,-дейді зерттеушілер.

Аманкелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу