Басты Жаңалықтар Жамбыл облысында оқушылар астан уланды

Жамбыл облысында оқушылар астан уланды

Жамбыл облысы, Байзақ ауданында 12 оқушы астан уланды. Мырзатай ауылындағы орта мектептің 5-сынып оқушылары таңертең білім ұясы алдындағы дүкеннен фасфуд тағамдарын сатып алған.

Арада 1 сағаттан аса уақыт өткенде балалардың жүрегі айнып, құсу, бас ауруы белгілері байқалған. Оқушылар сабақ үстінде әлсіреген соң, жедел жәрдем келіп, аудандық ауруханаға шұғыл жеткізген. Медицина мамандары жасөспірімдердің жағдайын орташа ауыр, деп бағалап отыр.

Ерлан Сейдаханов, аудандық Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

Жағдайлары тұрақты. Нашарлау белгілері жоқ. Қазіргі уақытта науқастардың тиісті ем шаралары көрсетілді. Бүгінгі таңда балалардың барлығы үйлерінде. Оқушылардан жарты сағат сайын мәлімет алып отырмыз. Балалар дін аман. 3 күннен кейін сабаққа қайта шығады.

Ал оқыс оқиғадан кейін облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тағам талдауларына сараптама жүргізген. Олар оқушыларды тағамдық токсикалық инфекцияға шалдыққан деп отыр. Яғни жеткіншектер жеген астың жарамдылық мерзімі өткен не құрамы бұзылған. Ал полиция бургер сатқан жеке кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс қозғады.

Салтанат Әлібаева, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр заң аясында. Бұл ретте осы іс әрекетте қылмыстық іс бар жоғын анықтау үшін біздің тараптан полиция бөліміне хат жолданды. Қазіргі уақытта біз лабораториялық зерттеулерді жүргіздік. Санитариялық-эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР Заң талабына сай біз жедел ден қою шараларын да қабылдап жатырмыз.
Бөлісу