Басты Жаңалықтар Ақтауда студенттер жылуы жоқ жатақханада тоңып жатыр

Ақтауда студенттер жылуы жоқ жатақханада тоңып жатыр

Ақтауда жылыту маусымы басталғалы бір ай өтсе де, студенттер жатақханасында жылу жоқ. Шамамен 60 студент суық ғимаратта бүрсең қағып отыр. Жатақхана қала бойынша құбырларды жаңартқан кезде жаңа жылу желісіне қосылмай қалған.

Жатақханада Ақтаудағы колледжердің студенттері жатады. Бөлмелері суық болған соң жастар сырт киіммен жүр. Ыстық су да жоқ.

Нұрбек Берқалиев, студент:

20 күн болып қалды, бізде әлі жылу жоқ. Күнде осы комнатада қалың носки киіп, пальто киіп жатамыз. Енді сол талап етуіміз, жылу келсе бізге де. Біз де адам баласымыз ғой.

Бибігүл Бекболат, студент:

Алдыңғы айдан бері негізі отопление берілу керек еді. Бірақ отопление әлі жоқ. Комнатаның салқындығынан даже пеш жылыта алмай отыр. Отопление жоқ, ыстық су да жоқ. Мұздай суға түскеннен ауырып жатырмыз.

Жатақхана әкімшілігі жылусыз қалғандарына жобаға тапсырыс беруші жергілікті құзырлы орган жауапты деп есептейді. Себебі құрылыс кезінде ғимараттың алдындағы желілер жалғанбай қалған.

Баян Атшабарқызы, жатақхана директоры:

Біз не істерімізді білмей отырмыз. Өзіміз жалғайтын болсақ, көп шығын шығады. Біздің құқығымызды бұзып тұр деп ойлаймын. Ереженің өзінде бәрі анық көрсетілген. Кез келген мекеме белгілі бір жұмысты қолға алса, оны соңына дейін аяқтап, тапсырулары керек.

Жатақхана басшылығы «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның баптарына сүйеніп, құзырлы органдарға шағымдануда. Ал жауаптылар кәсіпкер өз қаржысына шамамен 8 млн теңгеге қостыруы қажет, - дейді.

Нұрсұлтан Болатов, Маңғыстау облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

Бюджеттік Кодекс негізінде біз тек социалдық обьектілер мен тұрғынжайларға ғана автоматтандырылған жылу торабын орнатып бере аламыз, жаңа проект. Қазіргі таңда жаңа айтқан 20-ға жуық жеке кәсіпкер бар. Соларға қыркүйек айында өзіміз шақыртып алып, ескерту жұмыстарын жүргіздік. Осылардың оншақтысы өздері түсіндіру жұмыстарын қабылдап, жылу торабын орнатты.

Ақтауда жылу жүйесін қайта жаңғырту жобасына бюджеттен 1 млрд-тан астам қаражат жұмсалған. Ал студенттер жатақханасының жылу желісіне қашан қосылатыны әзірге безгісіз.


Бөлісу