Берік Уәли: Абай елі, Семей жері тарихи дамудың алдында тұр
Бүгін Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде жылдағы дәстүр бойынша облыс әкімдерінің брифингі басталды. Алғашқы болып Абай облысының әкімі – Берік Уәли келді. Ол аймақтың әлеуметтік-экономикалық бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Әкім өз өңірі үшін осылай тебірене сөйледі. Берік Уәли үш сағаттан аса тік тұрып, журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді. Өзекті мәселелерді ашық айтып, бүкпесіз баяндады. Қайта құрылған облыстың қайтадан аяққа тұруы үшін бар болғаны 9 айда қыруар жұмыс атқарылған. Қарқын енді арта түспек. Облысқа 3,5 трлн теңге инвестиция тартылып, аймақтың бюджеті екі есеге өскен.
Берік Уәли Абай облысының әкімі:
Абай елі, Семей жері үлкен тарихи дамудың алдында тұр деп айтамыз. Бұған біз халық атынан облысымызды қайта құрған Президентімізге алғыс білдіреміз. Ең бастысы Мемлекет басшысының қолдауы, Үкімет басшысының бізге бөліп отырған қаржыларын төкпей-шашпай, халықтың игілігіне жұмсауға әрекет етеміз.
Абайдың елі «ақырын жүріп, анық басып», оң өзгерістерге бет алған. Мысал үшін Семей қаласындағы «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 186 гектарға дейін кеңейтіліп жатыр. Алакөлді дамытудың бас жоспары әзірленуде.Аймақта, 6 су қоймасы салынып, ірі ет комбинаты іске қосылмақ. Шешімі шырмаудай байланған өзекті мәселделер де бар. Соның бірі – жылу электр орталығының құрылысы.
Берік Уәли Абай облысының әкімі:
Бұл тікелей біздің Абай облысының әкімдігіне тіреліп тұрған жоқ. Сауалды «Самұрық-энерго» соларға бағыттағандарыңыз дұрыс болады. Біз өзіміздің тараптан, өзімізге қажетті жұмыстарды жасап дайын отырмыз. Олар бізге жұмысты тезірек бастаса, жылу тапшылығын тезірек жойып, үлкен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берер еді.
Жылу электр орталығы салынса, Семейдегі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы да қарқын ала түседі. Оған дейін – жылу тапшы. Абай облысында 358 шақырым жергілікті жол жөндеуден өтіп жатыр. Бұл – аймақтағы өткір мәселенің бірі. Себебі, территория үлкен. Кей аудан мен ауылдар облыс орталығынан 700-800 шақырым қашық жатыр. Берік Уәли Абай облысы тұңғыштардың туған жері деп, тарихтан жарқын мысалдар айтты. Еліміздегі алғашқы қала әкімі де осы жақта сайланды.
Берік Уәли Абай облысының әкімі:
Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік кезеңіндегі саяси реформаларының жемісі деп айтсақ болады. Мысалы, біз 5-10 жыл бұрын осындай сайлауды ойлаған да жоқпыз. Ал қазір күнделікті біздің тұрмыс-салтымызға енді.
Брифингте 40-тан аса БАҚ өкілі әкімге қос-қостан сұрақ қойды.Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала десек, соның бәрі де қамтылды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы