Су сапасын анықтайтын құрылғы
Судың сапасы мен көрсеткіштерін жасанды интеллектің көмегімен тексеруге болады. Ал құрылыс саласына жаңа өрмекші тәріздес робот көмектеспек. Бұл техника тіпті айға да ұшуы мүмкін.
Бұл өзен-көлдердің жағдайын үздіксіз бақылап отыратын автономды құрылғы. Су бетінде қалқып, түрлі тереңдіктен үлгілер жинап, талдайды. Нәтижесін онлайн-платформада көрсетеді. WaterSense атты қондырғының авторы поляк ғалымы Филип Будный. Бұл жүйе арзан қағаз сенсорлары мен жасанды интеллектіні пайдалана отырып, судың 25-тен астам физика-химиялық көрсеткішін анықтайды. Ұзақ қызмет ету үшін күн панельдерімен және шағын гидрогенератормен қуаттанады.
Филип Будный, Варшава технологиялық университетінің PhD докторанты:
Деректер жүйеге түскен соң, ЖИ алгоритмдері оларды өңдеп, су сапасының өлшемдерін 72 сағат бұрын алдын ала болжай алады. Осылайша, экологиялық апатқа дайын болуға, алдын ала әрекет етуге мүмкіндік береді. Тек адамдардың өмірін сақтап қана қоймай, қоршаған ортаны қорғай алады.
Жасөспірімдерге әлеуметтік желіні пайдалануға шектеу енгізіледі
Дания 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу енгізіледі. Ел үкіметі бұл туралы өткен жұмада хабарлады. Премьер-министр Метте Фредериксен балалардың психикалық денсаулығына алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желілерге шектеу қоюды ұсынған. Биыл ақпанда Данияда жүргізген талдау бойынша, елдегі жасөспірімдер күніне орта есеппен 2 сағат 40 минутын әлеуметтік желілерде өткізетіні, көпшілігі Snapchat, YouTube, Instagram және TikTok желілерін жиі қолданатыны анықталған.
Каролина Стаге Олсен, Данияның цифрландыру істері жөніндегі министрі:
Бұл кәмелетке толмағандардың интернеттегі қауіпсіздігін арттыруға бағытталған 14 тармақтан тұратын келісім. Біз әлеуметтік желіні қолдануға 15 жастан бастап рұқсат беруге келістік. Дегенмен, ата-аналар қаласа, өз балаларына 13 жастан бастап белгілі бір платформаларға кіруге рұқсат ете алады.
Өрмекші тәріздес робот
Ал бұл «Шарлотта». Өрмекші тәріздес робот. Ол құрылыс саласында таптырмас көмекшіге айналмақ. Бұл Crest Robotics және Earthbuilt Technology компанияларының бірлескен жұмысының нәтижесі. Алты аяқты темір техника топырақты жинап, оны кірпішке ұқсас қатты материалға айналдырады. Дәл солай ғимарат қабырғасын қалайды. Ал қабырғаны берік қылу үшін материалдардың арасына жұқа мембрана салады. Осылайша, робот доға, күмбез сынды күрделі архитектуралық элементтердің құрылысына да ат салыса алады.
Клайд Уебстер, Crest Robotics компаниясының директоры:
Робот өз айналасындағы материалдарды пайдаланады. Сондықтан бұл жүйе жерде ғана емес, ай бетінде құрылыс жүргізу үшін де жарап тұр. Ол жақта тұрғызатын дүниелердің 99 пайызын айдағы топырақты қолданып жасауға болады.
Уебстердің айтуынша, қазір жер серігіне бір келі жүк жеткізу үшін шамамен 1 млн доллар керек. Сондықтан, осындай құрылғы біршама қаражат пен уақытты үнемдемек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы