Басты Жаңалықтар Келер жылы елдегі ең шалғай ауылдарға спутниктік байланыс жетеді

Келер жылы елдегі ең шалғай ауылдарға спутниктік байланыс жетеді

Көп ұзамай Қазақстанның кез келген жерінде интернетті пайдалануға мүмкіндік тумақ. Яғни еліміздегі ең шалғай ауылдарға да спутниктік байланыс жетеді. Бұл орайда Вашингтонда Қазақстан Үкіметі, Beeline Қазақстаның негізгі иесі VEON компаниясы және SpaceX компаниясы үшжақты кездесу өткізді.

АҚШ астанасында өткен кездесуде әлемге әйгілі SpaceX компаниясымен спутниктік байланысты ел көлемінде енгізу туралы меморандумға қол қойды.  Ол үшін  Direct to Cell технологиясы қолданылады. Оның ерекшелігі ұялы телефон тікелей спутникке қосылады. Бұрын байланыс тек базалық станциялар арқылы ғана іске асса, енді тіпті мұнаралар мен антенналар да қажет болмайды. Бұл әсіресе таулы, шөлді және сирек қоныстанған өңірлер үшін өте маңызды.

Жасұлан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

SpaceX компаниясымен Direct-to-Cell деп аталатын жаңа технология бойынша келісім Қазақстан үшін аса қажет. Бұл технологияның көмегімен спутниктік байланыс елдің кез келген нүктесінде қолжетімді болады. Жоба Beeline компаниясының қолдауымен жүзеге асырылады және биылғы жылы сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Менің ойымша, бұл келісімдердің барлығы инновациялық сипатта және Қазақстанды өңірдегі цифрлық технологиялар бойынша көшбасшы елге айналдырады.

Ұлттық оператор бұл жобаны 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ. Ең алдымен биыл жыл соңына дейін SMS қызметі қосылады. Яғни кез келген  жерде тұрып, смс-хабарламалар жіберуге болады. Ал  келер жылдың алғашқы тоқсанында ел мобильді интернетпен толық қамтылып, шалғай жерлердің өзінде бастапқыда жеңіл кейін үлкен мәліметтерді жіберу мүмкін болмақ.

Евгений Настрадин, Beeline Қазақстан компаниясының бас атқарушы директоры:

Direct to Cell технологиясы дегеніміз ұялы телефонға тікелей қосылатын спутниктік байланыс. Қазіргі таңда сіз тек ұялы байланыс сигналы бар жерде ғана мобильді байланыс пен интернетті пайдалана аласыз. Яғни жақын маңда базалық станция, оператордың антеннасы немесе спутниктік интернетке қосылатын арнайы «тарелка» (спутниктік антенна) болса ғана. Ал енді жаңа Direct-to-Cell технологиясы ұялы телефонды тікелей спутникпен байланыстырады. Яғни смартфон өзі аспаннан сигнал қабылдайды, қосымша құрылғылардың қажеті жоқ.

Бүгінде Starlink – төмен орбитадағы 650-ден астам жер серігінен тұратын әлемдегі ең ірі спутниктік желі. Бұл жүйе кәдімгі 4G байланысы бар смартфондармен тікелей жұмыс істейді. Яғни интернет қосылуы үшін аспан ашық болса жеткілікті.


Бөлісу