Басты Жаңалықтар Президент америкалық конгрессмендерді қабылдады

Президент америкалық конгрессмендерді қабылдады

Мемлекет басшысы АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының мүшелерімен кездесті. Президент парламент мүшелеріне екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті ілгерілетуге қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Конгрестегі Джимми Панетта басқаратын «АҚШ – Қазақстан» достық тобы қос халық арасындағы саяси диалогты тереңдетуге, экономикалық кооперация мен байланыстар аясын кеңейтуге ықпал етіп отырғанына назар аударды. Конгресс мүшелері Қазақстанның әлеуетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы сан қырлы байланыстардың дамуына қолдау көрсететіндерін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің отыз жылдық өзара тиімді байланысымызда Америка Құрама Штаттары еліміздің экономикасына 100 миллиард доллардан астам қаржы құйды. Американың ірі трансұлттық компаниялары біздің нарықта сәтті жұмыс істеуде. Мұны біз мақтанышпен айта аламыз. Әрі Қазақстанда 600-ден астам америкалық компания жұмыс істеп жатыр. Оларды екі елдің арасындағы алтын көпір деуге болады.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық сенатор Стив Дэйнсті де қабылдады. Тараптар екіжақты күн тәртібінің басым бағыттары жөнінде пікір алмасып, өзара стратегиялық серіктестігін нығайтуға бағытталған бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады. Кездесу соңында Президент мемлекеттер арасындағы байланысты нығайтуға қосқан үлесі үшін сенатор Стив Дэйнсті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдағанын жеткізді.

Бөлісу