Astana Media Week: ЖИ медиа саласына жылдам еніп келеді
Жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар медианың болмысын түбегейлі өзгертті. Зерттеулерге сүйенсек, қазақстандықтардың 65 пайызы жаңалықты әлеуметтік желілер мен мессенджерлерден оқып біледі. Енді медиа цифрлы дәуірдің жаңа талаптарына қалай бейімделеді? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеген отандық және шетелдік медиасарапшылар бүгін басталған «Astana Media Week-те» бас қосты.
Властимил Самек, БҰҰ ақпараттық орталығы, ғаламдық коммуникациялар департаментінің өкілі:
Менің ойымша, жасанды интеллект адамды, кәсіби маманды толық алмастыра алмайды. Ол тек көмекші, толықтырушы құрал. Сұхбатты құрғанда шынайы, сол адамның мұңын, мәселесін сезінбейтіні анық. Сондай-ақ ЖИ үнемі ақпаратқа, жаңа мәліметке мұқтаж. Ал ол деректерді жинақтап, мәселені анау қиырдағы ауылға барып, сол жердегі әженің болмаса, бір тарихшының айтқанын жазып, деректерді енгізетін біз - журналистер. Сондықтан ЖИ біздің тек көмекшіміз.
«Astana Media Week 2025» - Орталық Азиядағы ең ірі медиафорумдардың бірі. Тоғызыншы рет ұйымдастырылған шара бүгінде аймақ журналистерінің кәсіби тәжірибе алмасатын басты алаңына айналған. Биылғы форумға Түркия, Еуропа, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытайдан келген медиа жетекшілер мен технологтар қатысып жатыр. Форум 3 күн бойы жалғасады. Ауқымды жиын аясында 8 панельдік сессия, 7 шеберлік сағаты жоспарланған. Барлығы 60-тан аса спикер сөз сөйлеп, тәжірибелерін ортаға салады.
Білгехан Өзтүрік, Анадолы ақпарат агенттігінің стратегиялық коммуникация және халықаралық байланыс бойынша менеджері:
Анадолы агенттігі бұл үдерісті теріс немесе журналистиканы әлсірететін күш ретінде емес, керісінше, оның бір бөлігі ретінде көреді. Біз ЖИ-ді өз мамандығымызға, журналистиканы және жалпы медианы дамытуға қалай қолдануға болатынын зерттеп жатырмыз. Сондықтан агенттік ЖИ үлгілерін және технологияларын мұқият қадағалап, оларды жұмыс тәжірибесіне енгізіп, өз өнімін де әзірлеуде. Кейінгі кезде агенттік біртіндеп медиа технологиялар компаниясына айналып келеді. Қазақстандық әріптестермен бөліскен негізгі тәжірибем де осы. ЖИ сынды күшпен бетпе-бет келгенде медианың даму бағыты – технологиялық компанияға айналу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы