Басты Жаңалықтар 1,2 млн адамнан ЖРВИ анықталды

1,2 млн адамнан ЖРВИ анықталды

1 миллионнан астам қазақстандықтан жіті респираторлық-вирустық инфекция анықталды. Бұл қыркүйектің 1-нен бүгінгі күнге дейінгі статистика. Қазіргі ахуал қалай? Аурудың алғашқы белгілері қандай? Дәрігерлердің кеңесі. 

Аяулым Түймехан, қала тұрғыны:

Бала сенбі күннен бастап ауырды. Мазасы болған жоқ. Жата береді. Мұрны ағып, құсты. Мүлдем тамаққа деген тәбеті болған жоқ.

Астаналық емхананы жағалағандардың жалпы шағымы осындай. Әсіресе кішкентай балаларды жетектегендер көп.

Нұрлангүл Мырзабек, қала тұрғыны:

Температура 38,5-ке дейін көтеріліп жатыр. 5 күн болды ауырып жатқанымызға.

Жіті респираторлық-вирустық инфекцияның алғашқы белгілері: дене қызуы 38,5-ке дейін көтеріледі. Денені әлсіздік жайлап, бас, тамақ ауырып, тәбет болмайды. Мұндай жағдайда бірден дәрігерге қаралу керек.

Бекжан Намет, республикалық медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығының дәрігері:

ЖРВИ-дің әртүрлілігіне байланысты. Таралу, зақымдану органдарына байланысты 5 күннен 12-14 күнге жалғасуда. Қазіргі вирустар мутацияланған. Штамдарының өзгеруіне байланысты жеңіл, орташа, ауыр түрлері кездесіп жатады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметіне сәйкес, екі айда 1 млн-нан астам адамнан жедел респираторлық-вирустық инфекция тіркелген.

Айгүл Катренова, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басқарма басшысы:

1 қыркүйекпен бүгінгі күнге дейін 1 млн 280 мыңнан аса адамнан жіті респираторлық-вирустық инфекция тіркелді. Олардың 66 пайызы балалар. Ал 45 адамнан тұмау анықталды. Жалпы, жағдайды былтырғы осы уақыттағы кезеңмен салыстырсақ, көрсеткіш 22% төмен.

Сырқаттану көрсеткішінің төмендеуіне екпе салдырушылардың санының  артқаны да себеп дейді мамандар. Биыл 1 млн 700 мыңға жуық адам тұмауға қарсы екпе салдырған. Бұл қазақстандықтардың 8,3 пайызы. Олардың 385 мыңнан астамы 14 жасқа дейінгі балалар. Мамандар дене қызуы 38-ден жоғары болса, маңдай, мойын, қолтық маңайын салқын сумен сүлгі арқылы сүртіп, оны 3-5 минут қоюға кеңес береді. Суды көбірек ішіп, бөлмені желдету қажет. Ыстық түсіретін дәрі ішу керек.

Ал вирустық инфекциядан сақтану үшін таза ауада көбірек серуендеп, тазалықты сақтап, дәруменге толы тағамдарды тұтынуға кеңес береді.


Бөлісу