Қостанайда шекарашы кәріз құдығына құлап кеткен баланы құтқарып қалды
Қостанай облысындағы «Қайрақ» автобақылау шекара бөлімінің басшысы Мадияр Ертілеуовтың ерлігі елді сүйсінтті. Ол ойнап жүріп, абайсызда кәріз құдығына түсіп кеткен 5 жасар баланы құтқарып, қайғының алдын алды.
Сол күні болған жайт Мадиярдың әлі күнге дейін көз алдында. Қарабалық ауданына қонаққа келген ол туысқанымен ауыл ішін аралап жүргенде көше бойы шулай көмек сұраған балаларды көреді. Ойланбастан жанұшыра құдыққа қарай жүгіре жөнеледі. Лай суға тұншыққан 5 жасар Изабелла ес-түссіз жатқан.
Мадияр Ертілеуов, шекарашы:
Осы жерден суға дейін бір-бір жарым метр көлем болды. Екі аяғын ұстап тұрдым, ол кісі белге дейін түсті. Басым мен қолымды салдым да, қызды қабылдап алдым жансыз күйде. Жатқызып аяғына массаж жасадық. Ол қыздың ең бірінші айтқан сөзі «Спасибо-спасибо!» деп айқалады. Ешкім батыр боп тумайды. Мұның бәрі кейін келетін нәрсе. Кез келген адам солай істейді ғой, әрине.
Дауысынан әлі де болса, көңілінің толқып тұрғаны байқалады. Себебі өзі де көзінің қарашығы – жалғыз қыздың әкесі. Сондықтан бала өмірінен құнды ешнәрсе жоқ дейді ол.
Оксана Сухорукова, Изабелланың анасы:
Айтар алғысым шексіз! Ол баламның өмірін аман алып қалды, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Егер сәл кешіксе, не боларын елестету мен үшін қиын. Тіпті қалай алғыс білдірерімді білмеймін. Батылдығы үшін шексіз ризамын. Қызымның көрешегі бар екен.
Айдос Наурызбай, шекарашы:
Отан алдындағы борышымды өткеріп келдім. Осы жұмысқа талпындым. Бұрыннан бері шекарада істегім келетін. Екі ай болды жұмысқа тұрғаныма. Менің ойымша, бұл абырой, міндет – Қазақстан шекарасында қызмет атқару. Шыдай білу керек, жұмыс істей білу керек, тәртіпті орындау керек.
«Қайрақ» өткізу бекеті – еліміздегі ең ірі шекара бекеттерінің бірі. Бұл жерден күніне 1500-ге жуық көлік, 5000-нан астам адам өтеді. Сондықтан қырағылық басты – қару. Биыл шекарашылар 80-нен астам контрабандалық тауарды тәркілеп, 500-ге жуық заңсыз қару мен оқ-дәрі тасымалының жолын кескен.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы