Абай облысының Аягөз ауданында «Келешек мектеп» ашылды
Абай облысында тағы бір «Келешек мектебі» ашылды. 600 балаға арналған заманауи білім ордасы Аягөзде бой көтерген. Жаңа үлгідегі мектептің ашылу рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, мектеп ұжымы және аудан тұрғындары қатысты. Жалпы білім ошағы облыс бойынша қолданысқа берілген төртінші «Келешек мектебі».
Берік Уәли, Абай облысының әкімі:
Жаңадан салынған ауданның тұрғындары үшін өте таптырмайтын жаңа заманауи Президенттің қолдауымен ашылып жатқан мектеп. Болашақта осы жерде білім алған оқушыларымыз республикалық үлкен олимпиадада, халықаралық олимпиадаларға қатысып, өздерінің мүмкіндігін көрсетеді деп ойлаймыз.
Білім ошағының салтанатты ашылуына Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова арнайы келген. Министр мектеп ұжымымен, оқушылармен жүздесті. Алда Абай облысындағы апатты жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі шешіліп, өзге де аудандарға «Келешек мектептерін» салу қарастыратындығын жеткізді. Өйткені білім деңгейі жағынан елімізде алдыңғы қатарда тұрған өңір жастарына лайықты жағдай жасалуы тиіс дейді.
Жұлдыз Сүлейменова, Оқу-ағарту министрі:
Балалардың білім деңгейі, білім сапасы өте жоғары деңгейде. Биылдың өзінде халықаралық пәндік олимпиадаға математикалық, физика, биология секілді өте беделді олимпиадаға 18 бала қатысқан. Оның 14-і жеңімпаз атанған. Бұл да жалпы облыстың білім сапасын көрсетеді.
Аягөздің Қуаныш шағын ауданында қолданысқа берілген жаңа мектеп онда тұратын балаларды да ата-аналарды да зор қуанышқа бөледі.
Дана Баянбаева, Аягөз тұрғыны:
Бұл енді қазіргі кездегі заманауи өте жақсы мектептердің бірі ғой. Қуаныштымыз. Осындай мектептер көп ашыла берсін. Оқушыларымызға да жақсы. Терең білім алып шықсын. Көріп жатырмыз. Көңілімізден шығып жатыр. Рахмет!
Жаңа мектеп жаратылыстану-математикалық бағытта білім береді. Онда 42 білікті педагог қызмет атқарады. Алда Ақсуат, Мақаншы, Үржар аудандарында да бюджеттің мүмкіндігіне қарай «Келешек мектептерін» салу жоспарланбақ. Қазір өңірде осы жоба аясында бесінші білім ошағының құрылысы жүріп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы