Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында жолдар жаңартылды
Маңғыстаудың Мұнайлы ауданында «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 90 шақырым автожолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 4,5 млрд теңге бөлінген. Сонымен қатар Атамекен ауылын ауызсумен қамтамасыз ету үшін жаңа су айдау станциясы салынып жатыр.
Батыр ауылдық округі – Мұнайлы ауданындағы аумағы жағынан ең үлкен елді мекен. Ауылішілік автокөлік жолының ұзындығы 156 шақырымды құрайды. Мемлекеттік бағдарлама арқасында соның 50 пайызы асфальтталған. Сонымен қатар 17 шақырым жаяу жүргіншілер жолы төселуде.
Қалампыр Қиянова, Батыр ауылдық округінің тұрғыны:
Аяғымызға пакет киіп келдік, сөздің қысқасы. Балшықты кешіп келген күндеріміз болды. Көлік далада қалып, жаяу келдік. Енді ауылымыз 5-6 жылда өте қатты дамып жатыр. Көшелеріміздің біраз жерінде асфальт, асфальті жоқ көше өте аз десем болады. Жарық та бар, түнде жарқырап тұрады. Суымыз да бар, күнде беріп тұр.
Қазір ауылда 23 шақырымнан астам жолға асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға республикалық бюджеттен 1 млрд-тан астам қаражат бөлінген. Құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау көзделген.
Сауыт Айтбаев, ауылдық округ әкімі:
Қысқы мезгілдерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қатқыл табанды жолдар төсеу жұмыстарын жүргізіп келгенбіз. 2023 жылы, 24 жылы, 25 жылы «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында ауылға көңіл бөлініп, қазіргі таңда өте тиімді жұмыстар жүргізілуде.
Дәл осындай жұмыстар ауданда 7 ауылда жүріп жатыр. Барлығы 90 шақырымға жуық асфальт төселуде. Бұдан бөлек 40 мыңға жуық халқы бар Атамекен ауылдық округін ауызсумен қамту үшін әр қайсысы 3 мың шаршы метрлік екі су қоймасы бар жаңа станция салынуда. Жоба тұрғындардың сұранысын қамтып, су қорын жинауға ықпал етпек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы