Басты Жаңалықтар «Қазақстанның інжу маржандары» көрмесі Финляндия жұртын баурады

«Қазақстанның інжу маржандары» көрмесі Финляндия жұртын баурады

«Қазақстанның інжу маржандары» — осындай атпен еліміздің Финляндиядағы елшілігі Хельсинкиде көрме ұйымдастырып, шетелдіктерге елдің туристік әлеуетін паш етті. Алыстан-ақ көздің жауын алатын көрмеге 30-ға жуық сурет қойылған. Маңғыстау үстірті, Шығыстағы Алтай таулары, Алматыдағы Шарын шатқалының тарихын дипломаттар көпшілікке жеке-жеке таныстырды.

Бурабайдың көркі, Астана мен Алматының, Түркістанның сәулеті еуропалықтардың таңдайын қақтырмай қоймады. Көрмеде көпшілік шағын киіз үйді тамашалап, қазақтың әдет-ғұрпымен де танысты. Финляндия жұрты ұлттық бұйымдардың көне тарихтың куәсі ғана емес, әлі күнге тұрмыста қолданылатынына, атадан қалған салт-дәстүрдің сақталғанына тәнті болды.

Естелікке жарыса суретке түскен еуропалықтар тарихы терең, мәдени мұрасы бай қазақ еліне саяхаттауды көздейді.

Нумер Сингх, үндістандық турист:

Мына жерге келіп, тамаша суреттерді көргеннен кейін Қазақстанға міндетті түрде сапарлаймын деп шештім. Ғажап мекен. Сіздерде өзен, көл, тау, жазық дала, қар бәрі бар. Мұндай сұлулықты өз көзіммен көруім керек.

Мария Молочная, Хельсинки қаласының тұрғыны:

Бізге осындай керемет шараны ұйымдастырғандарыңызға көп рақмет. Қазақстанға құрмет ретінде қазақша киініп келдім. Анам Қазақстанда болған, үнемі мақтап айтып отырады. Менің де бару арманым. Бүгінгі көрмеден елдеріңіздің табиғаты керемет екенін көрдім.


Бөлісу