Басты Жаңалықтар Қазақ музыканттары талантымен Финляндия жұртын тамсантты

Қазақ музыканттары талантымен Финляндия жұртын тамсантты

Қазақ музыканттары Еуропа жұртын тамсантты. «Сазген сазы»ансамблінің ұжымы, «Ұлытау» тобы мен отандық күміс көмей әншілер Финляндия астанасы Хельсинкиде өнер көрсетті. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі Алматы қаласының әкімдігімен бірігіп мәдени шараны Республика күніне арнап ұйымдастырды. Мерекелік концертте музыканттар ұлттық ән-жырдан шашу шашып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
«Сазген сазы» ансамблі «Фин» полькасын ұлттық аспаптармен орындап, ә дегеннен-ақ көптің ыстық ықыласына бөленді. 40 жылдан астам тарихы бар өнер ұжымы әр елдің ерекшелегіне байланысты арнайы бағдарлама ұсынуға машықтанған. Әртістерге алғысын білдірген еліміздің Финляндиядағы елшісі Азамат Әбдіраимов жиналғанларға ұлық мерекенің мән маңызы, төл мәдениеттің жауһары жайлы баяндады. «Жаһандану заманында жұтылып кетпей, ұлттық құндылықты дәріптеу-ұтымды шешім»-дейді еуропалықтар.
Гоуэн Бхатти, Хельсинки қаласының тұрғыны:

Мен қазақ мәдениетімен алғаш танысуым. Қазақстанда әлемдік деңгейдегі жұлдыздар көп екеніне көз жеткіздім. Ғажап музыка. Бұл менің мәңгі есімде қалатын кеш.
Лена Суомэнен, Хельсинки қаласының тұрғыны:
Бізге керемет бағдарлама ұсынғандарыңызға алғысым шексіз. Музыкаларыңыздың үні ерек. Ешкімге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбаларыңызды Батыс жұртына жиі көрсетсеңіздер екен.
Концертте көпшілік бірнеше аспапта еркін ойнайтын «Арқайым»дуэтінің талантына тәнті болып, қазақтың көмеймен ән айту өнеріне қанықты. «Ұлытау»тобының музыканттары Ұлы даланың сазды сарынын асқан шеберлікпен жеткізді.
Күмбірлеген күй шетелдіктердің жан дүниесін дүр сілкіндірді. Шеттегі қандастарымыздың жүрегін елжіретті.
Гүлжауһар Кенжебекқызы, Финляндиядағы «Сәуле» мәдени қоғамының мүшесі:
Бүгін айтқан әндерге қосылып, өлең айттық. Жылап та алдық, еліме деген сағынышым жүрекке сыймайды. Айтып жеткізе алмаймын. Өте қуаныштымын. Жұртым тыныш болсын. Еліміз өркендей берсін.
Вяйне-Бақытжан Әлімханов, Хельсинки қаласының тұрғыны:
Керемет концерт. Әртістердің кәсіби шеберлігі өте жоғары, ұлттық киімдердің көркі ғажап. Мен Қазақстанды қатты жақсы көремін және қазақтың жиені екенімді мақтан тұтамын.
Музыканттар Ақан серінің, Н. Тілендиевтің әндерімен қатар, Бах, Вивальди сынды әлемдік композиторлардың үздік шығармаларын орындады.
Қара терге түсіп, қазақ өнерін жоғарғы деңгейде насихаттаған таланттарға көрермен тік тұрып қошамет көрсетті. Елді жаңа қырынан таныған еуропалықтар енді Қазақстанға арнайы сапарламақ.

Бөлісу