Басты Жаңалықтар Пәтерін жалға беретіндердің 70 пайызы салық төлемейді

Пәтерін жалға беретіндердің 70 пайызы салық төлемейді

Пәтерін жалға беретіндердің 70 пайызы салық төлемейді. Зерттеу жүргізген Қазақстан тұрғын үй компаниясының статистикасы осындай. Бірнеше пәтерін жалға беріп, бірақ мемлекетке көк тиын төлемей жүргендерді Үкімет қалай анықтамақ? Енді пәтерді жалға аларда нені ескеру керек? Әріптесім тарқатады.

Пәтерді жалға беремін деп алдады. Студенттердің ақшасын жымқырды. Полиция учаскелерінде мұндай жағдайлар күнде тіркеледі. Соған қарамастан, тұрғындардың көпшілігі пәтерді келісімшартсыз жалдайды. Соңғы зерттеулерге сүйенсек, елдегі жалға беретін үйлердің 70 пайызы тек ауызша келісіммен беріледі.

Жеңіс Шәріпұлы, тұрғын үй сарапшысы:

Екі жақтан қол қоймай тұрғанда аванс бермеген дұрыс. Мысалы, Крыша, Колеса карта арқылы ақша сұрауы мүмкін. Бірақ оған сенбеу керек. Алаяқтар жалған суреттерді қоя салады.

Ал заңгерлер пәтер иесімен келісімшартқа отырмасаңыз, ойда жоқта далада қалуыңыз мүмкін дейді. Өйткені құжатта нақты мерзім белгіленбесе, кез келген уақытта үйді босат деуге құқылы. Пәтер ақысын да күрт көтеріп жібере алады. Үш жыл бұрын ғана Ресей азаматтары Қазақстанға ағылып келгенде талай отбасының сан соққаны соған дәлел.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер:

Шартқа отырғаннан кейін оны нотариальды түрде бекіткен жөн. Сонда оны кез келген жерде дауға сала алады. Яғни шарттың ішінде көрсеткен дұрыс. Қандай жағдайда сол кепілдік сома қайтарылатыны, қандай жағдайда қайтарылмайтыны, шарттың өзін алған кезде қандай болғанын бәрін реттеп алу керек.

Елде 269 мың азамат қана пәтерін жалға беретінін жасырмай, тұрақты түрде салық төлеп отыр. Ал көлеңкелі бизнесті анықтау үшін Қаржы министрлігі учаскелік полицияның көмегіне жүгінбек. Енді олар пәтерде шынымен иесі тұрып жатыр ма, әлде әлдекімдер жалға алған ба, соны тексереді. 

Ерсайын Көптілеуұлы, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті басқармасының бас сарапшысы:

Салық төлеуші өзінің пәтерін жалға беру арқылы тапқан кірісін салық декларациясында көрсету керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, өзінің таңдаған салық режиміне байланысты төлейді. Ал жеке тұлға ретінде декларация тапсырса, 10 пайыз салық төлейді.

Салық төлеуден жалтарғаны үшін қожайынға шамамен 60 мың теңге айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, сома бірден екі еселенеді. Тапқан табыстың бәрі тәркіленеді. Алайда, сарапшылар мұндай шаралар жасырын бизнесті түбегейлі тоқтата алмайды деп есептейді. Өйткені пәтерді жалға тапсыратындарды салық емес, банктердің талабы қыспаққа алады.

Айдос Атаев, тұрғын үй сарапшысы, заңгер:

Қазір азаматтардың көпшілігі үйді ипотекаға алады. Келісімшартта кәдімгідей көрсетіледі, оны әрі қарай жалға беруге бола ма, болмайды деген тосқауылды алып тастау керек. Яғни банктің ол квартирада тұра ма, жалға бере ме қатысы болмауы керек деп ойлаймын. Осы режимдерді алып тастаса ғана мәселе шешіледі. 

Айта кетсек, келесі жылдан бастап пәтерін жалға тапсыратын азаматтардың барлығы жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі тиіс. Бұл да бақылауды күшейту үшін жасалып отыр.


Бөлісу