Басты Жаңалықтар Аягөздік оқушы қамшының 15 түрін өреді

Аягөздік оқушы қамшының 15 түрін өреді

Ұлттық өнер ұмытылмасын. Осылай деген 13 жасар Әлихан Сәлихан қамшы өрудің он бес түрлі тәсілін меңгерген. Абай облысының Аягөз қаласында тұратын шебер төл өнерді өзгелерге дәріптеп жүр. Өрімші байқауларға қатысып, қазақтың бай мұрасын жаңғыртып, насихаттауды қолға алған.

Дыр, дырау, дүре, білеу, құрау, дойыр. Мұндай қамшы түрлері барын кез келгеніміз біле бермейміз. 7-сыныпта оқитын Әлихан болса, олардың 15 түрін жатқа айту былай тұрсын, жасап бере алады. Қайыстан таспа тіліп, әр қамшының өру тәсілдерін әкесінен үйренген.

Әлихан Сәлихан, өрімші:

Айырмашылықтары өріміне, сабына, қайысқа байланысты болады. Қайыс жұқа болса, тай қамшы болады. Өрімі жуан болса, атқа келеді. Дойыр қамшыға саналады. Көбінесе қайысты илейміз. Бұған шыдамдылық керек. Қолың мықты болуы қажет.

Жас шебер өрім әдістерімен қатар, қамшылардың әрқайсының тарихы мен ерекшеліктерін зерттейді. Былғарыдан ат әбзелдерін жасауды да меңгерген. Сондықтан қолөнерін насихаттау үшін байқауларға қатыса бастаған.

Мұхит Бұршақбаев, жоба жетекшісі:

Қамшылары мен жүгендерін алып келеді. Әкеммен бірге үйде өреміз. Әлиханды сол өнерге жақын болған соң, жобаға қатыстырып отырмын.

Әлиханның өнеріне қатарластары да қызығушылық танытады. Сондықтан өрімші өз сыныптастарына білгенін үйретіп, сабақтан тыс уақытта бос уақытын үйдегі шеберханасында өткізеді.

Әлихан Дәуренұлы, оқушы:

Бірге жеті жыл бойы оқып жүрміз. Мен Әлиханның қасында жүріп, қамшы өруді үйреніп жүрмін. Қамшыға қызығушылығым арта бастады. Бұрын-соңды қамшы өруді білмейтінмін.

Ұлттық дәстүрді жаңғырту үшін жас өрімші өзге өңірлердегі білікті шеберлермен әлеуметтік желі арқылы тәжірибе алмасып отырады. Енді өзі оқитын мектепте арнайы үйірме ашпақ. Болашақта ата дәстүрді дәріптейтін атақты қолөнерші болсам деген арманы бар.


Бөлісу