Еуропаның кез келген еліне тікелей рейстер ашылуы мүмкін
Енді қазақстандықтар Еуропаның кез келген еліне тікелей рейспен қатынауы мүмкін. Біздің тарап пен Еуропалық одақ тиісті келісімді қарастырып жатыр. Ал тікелей рейстер ашылса билет бағасы арзандай ма? Келісімге қол қойылса авиация саласында не өзгереді? Жанел Нұрболатқызы тарқатсын.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Астанадан Миланға, Алматыдан Парижге, Шымкенттен Барселонаға. Үш есе арзан бағада. Әрі тікелей рейспен. Мұның бәрі Қазақстан мен ЕуроОдақ арнайы келісімге қол қойса, көп ұзамай іске асады.
Әділет Көбенов, ҚР Көлік министрлігі азаматтық авиация комитетінің басқарма басшысы:
Еуропалық одақ өз тарапынан тиісті процедураларды аяқтап жатыр. Екі тараптан да тиісті жұмыс аяқталғаннан кейін, яғни дайындық жұмысы біткесін келісімге қол қойылады деген жоспар бар.
Қазір
Қазақстан мен Еуропа арасында қатынайтын авиакомпаниялар аз. Францияға
мәселен, көбіне Эйр Астана мен Эйр Франс қана барады. Тек Әзербайжан, Стамбул
не Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұша аламыз. Лоукостерлер, яғни арзан билет сататын
авиакомпаниялар жолаушы тасымалдай алмайды. Өйткені рұқсаты жоқ. Ал Қазақстан
мен Еуроодақ «көлденең
келісім»
деп аталатын құжатты бекітсе, Еуропадағы
барлық авиакомпаниялар Қазақстанның кез келген қаласына рейс жасай алады.
Абыл Кекілбаев, авиасарапшы:
Бұл авиация саласының жаңа деңгейге шыққанының көрсеткіші. Өте тиімді нәрсе. Оңтүстік Шығыс Азиядан Қазақстан арқылы өтетін жолаушыларымыз бар. Біздің елді аралап барып, сосын Еуропаға ұшатын мүмкіндік ашылады олар үшін. Яғни транзиттік потенциалымыз артады.
Ал лоукостерлер көбейсе, бәсеке күшейеді. Мұны өзге мемлекеттердің тәжірибесі де көрсетіп отыр. Мәселен, Грузияда осы келісімнің арқасында авиакомпаниялар көбейіп, билет бағасы 3 есе төмендеген.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Арнайы келісімге отырған мемлекеттер мұның біраз пайдасын көріп отыр. Тіпті мысалға Армения мен Барселонадағы билет құны бізбен салыстырғанда 4-5 есе төмендеп кеткен. Тіпті 13-12 мың теңгеге мемлекет арасында ұшуға мүмкіндік алды. Ал Қазақстанда ол кемінде 150 мың теңгеден басталады.
Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы арнайы келісімнің нақты қашан бекітілетіні әзірге белгісіз. Бірақ, Азаматтық авиация комитеті құжаттардың басым бөлігі дайын дейді. Демек, жуырда қол қойылуы әбден мүмкін. Ескеретін жайт, билеттердің бағасы келісім күшіне енген сәттен арзандап кетпейді. Өйткені арнайы келісімде баға туралы ештеңе жазылмаған. Құжат тек тікелей рейстерге «рұқсат береді». Өз кезегінде бұл бағаның бірден болмаса да, бірте-бірте төмендеп, отандық авиацияның жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады дейді сарапшылар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы