Таразда «Капитан Байтасов» фильмінің премьерасы өтті
Таразда “Капитан Байтасов” фильмінің премьерасы өтті. Драма мен экшн жанрындағы кинокартина 2011 жылы Таразда болған лаңкестік оқиғаның негізінде түсірілген. Телетуындының тұсаукесеріне келген көрерменнің көптігінен залда ине шаншар орын болмады. Фильм желісі жайлы Данияр Әлімқұл сабақтайды.
Алдымен аймақтың бас полицейі тараздық тәртіп сақшысы Ғазиз Байтасов жайлы фильм түсірген шығармашылық топты марапаттады. Артынша көпшілік кинозалға кірді. Ал шынайы оқиға желісімен шиеленіскен шытырман фильм көрерменді басталысымен бірден баурап алды.
Фильмде әуелі адасқан ағымның сойылын соққандарға қарсы қауіпсіздік қызметінің барлау жұмысы баяндалады. Қанды қол қылмыскерлер қала орталығында жарылыс жасамақ болады. Бірақ жедел жұмыс жолын кесті. Адамдарынан айырылған лаңкестің бірі өш алуға кіріскенде полиция капитаны Ғазиз Байтасов террорды тоқтатуға кіріседі.
Гүлжамал Тәжиева, Ғ.Байтасовтың жұбайы:
Кинода барлығы шынайы оқиға болғаннан кейін мен ойлаймын 95% сәйкес келді деп. Сол кезде біздің отбасымыз туралы да, Ғазиздың қызметіндегі атқарған жұмысы туралы және нақты сол оқиғаның мән-жайлары толығымен көрсетіліп, ескерілген.Капитан Байтасов Тараз көшелерінде оңды-солды оқ атқан қылмыскердің артынан жетіп, алыса кетеді. Сол сәтте қаскөй қолындағы граната тетігін ағытады. Байтасов айналадағы адамдардың амандығы үшін жарылғыш затты денесімен жауып, өз өмірін құрбан етті.
Әділжан Байтасов, Ғ.Байтасовтың ұлы:
Енді әкеміздің өмірден озғаны ол біздің отбасымыз үшін үлкен қайғы. Орнын ешқашанда толықтырмайды ол кісінің. Бірақ та әкеміз бұл өмірден жайдан-жай өткен жоқ. Ерлікпен өтті.Осылайша есіл ердің ерлігі экранға жол тартты. Фильмді Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақфильм» киностудиясы және «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» түсірген.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы