Басты Жаңалықтар Кітапханашылар күні: Оқырмандар саны екі есеге артқан

Кітапханашылар күні: Оқырмандар саны екі есеге артқан

24 қазан Кітапханашылар күні. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, елімізде 12 мыңға жуық кітапхана тіркелген. Оның 3 920-сы аталған министрліктің қарамағында. Мамандардың айтуынша, технология, жасанды интеллект қанша дамыса да, кітап оқу үрдісі жойылмайды. Мәселен, тек Ақтөбе облысында соңғы жылдары оқырмандар саны екі есеге артқан.

Қурайлы ауылында тұратын зейнеткер Қуатжан Баймұқанов бес жасынан бастап көркем шығарма оқуға әуестенген. Ол жыл сайын жоқ дегенде жүз кітап оқитынын айтады. Яғни, осы уақытқа дейін кемі 50 мың кітап оқыған. Әдеби шығармаларға деген құмарлығы оның өмірлік серігін табуға да септігін тигізген.

Қуатжан Баймұқанов, зейнеткер:

Папама оқып беремін, ақсақалдарға. Кішкентай ауыл ғой. Содан мен кітап оқушы, қисса оқушы болып кеттім. Кітапқа құмарлық ерте басталды. Өте ерте және өмір бойы жолдас болып келе жатыр. Айта берсеңіз, мен тіпті кітапханашы қызға да үйлендім.

Мұндай оқырмандарды кітапханашылар да ерекше құрметтейді. Тек Қурайлы ауылының өзінде тұрақты түрде келіп, кітап алып оқитын тұрғындар көбейген. Кітапхана қызметкерлері оларға арнап әртүрлі танымдық іс-шаралар өткізіп тұрады. Соның арқасында кітап оқу мәдениеті қалыптасқан.

Айман Есмағамбетова, кітапхана меңгерушісі:

Осыдан екі жыл бұрын сегіз жүздей оқырман болды. Қазір 1 500 оқырман бар. Әдеби кітаптар көп оқылады, ақын-жазушылардың өлең-жырларын жақсы оқиды. Қазіргі уақытта психологиялық кітаптар сұраныста. Тапсырыс бердік, келді алды.

Ал жас қаламгер Әлихан Жақсылықтың пікірінше, жасанды интеллект келешекте жазушылардың да орнын басады. Яғни, шығармашылық адамдары азаяды. Дегенмен кітап оқу үрдісі мен кітапханашы мамандығының ғұмыры ұзақ болуы тиіс.

Әлихан Жақсылық, жазушы:

Оқырмандар өзіне қажетті оқығысы, білгісі келген әңгімені сол жасанды интеллект арқылы жазып алып, оқи беретін дәрежеге жетті. Бірақ әзірге ол әлсіз болғанымен, жазушының деңгейінде жаза алмағанымен, жылдар өте ол мықты қарқынды дамып, өзінің абсолютті, мықты деңгейіне жетуі мүмкін. Сонда да оқырмандардың қалыптасуы, олар бәрібір шынайы жазушыны, адам жазған шығарманы оқығысы келетіндей.

Әлеуметтік зерттеулер тұрақты түрде кітапханаға келетіндердің алпыс пайызы зейнет жасындағылар екенін көрсеткен. Сондай-ақ 16 жасқа дейінгі оқушылар да жиі бас сұғады. Кітапханашылар заман талабына бейімделіп, шығармаларды арнайы сайт пен әлеуметтік желі арқылы да оқырмандарға ұсынады. Өңірдегі бес кітапханада кітаптар сандық форматқа көшіріліп жатыр.


 


Бөлісу