Ақтөбеде жол апатына қатысты үкіметтік комиссия құрылды
Ақтөбе облысында болған жол апатына қатысты Премьер-Министрдің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылды. Оның құрамына министрліктер мен облыс әкімдігінің өкілдері енген. 12 адамның өмірін қиған қайғылы оқиға бүгін таңертең Әйтеке би ауданының Белқопа ауылы маңында болған еді.
«Самара-Шымкент» тасжолында жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Жүргенов ауылынан Ақтөбе қаласына келе жатқан «газельді» соққан. Он жолаушы мен екі көліктің жүргізушісі сол жерде қаза тапты. Тағы алты адам Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Оның бесеуі жансақтау бөлімінде, екеуінің жағдайы ауыр. Оқиға орнына Ішкі істер министрлігінен арнайы топ барды. Облыс орталығынан білікті дәрігерлер жіберілді.
Абай Жүсіпов, облыстық Полиция департаментінің бастығы:
«Газель» көлігі Жүргенов ауылынан облыс орталығына ресми жолаушылар тасымалдаумен айналысқан. Оқиға орнында полиция қызметкерлері, тергеу тобы жұмыс атқаруда. Барлық мән-жай анықталуда.
Қаза тапқандардың арасында 2016 және 2022 жылы туған екі бала бар. Оның біреуінің әкесі ауруханада. Екіншісі көз жұмды. Сондай-ақ жолаушылар көлігінде болған анасы мен оның 18 жастағы студент ұлы да қаза тапты. Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға болған сәттен бастап бірнеше сағатқа бұл жол учаскесі уақытша жабылды. Әкімдік тарапынан екі жүргізушіден өзге қара жамылған отбасылардың әрқайсысына 1 млн теңгеден материалдық көмек беріледі. Бір жыл бұрын да дәл осы жолдың бойында бір көліктегі 8 адам көз жұмған еді. Оның бесеуі – бала. Ол кезде де шағын автобус пен жүк көлігі соқтығысқан.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Таңғы сегізден кете осындай оқиға болғаннан кейін барлық тиісті мемлекетітк органдар басына келіп, өз жұмысын атқарып келеді. Біздің тарапымыздан, аурухана болсын, басқа да жан-жақты көмек көмек ұйымдастырылды. Барлық жағдай өз бақылауымда болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
