Өзбекстан қазақтары мерекемен құттықтады
Республика күні мерекесін тойлаудан сыртта жүрген қандастарымыз да шет қалмайды. Өзбекстанда тұрып жатқан бауырлар ұлттық мейрамды ұлықтаған қазақ еліне тілектерін жаудыруда. Солардың қатарында Ташкент қаласында тұратын қандастарымыз да бар.
Университетте қазақ тілі мен әдебиеті бағытында білім алып жүрген Зарина Қонысбаева Өзбекстандағы ауқымды жыр сайысына қатысып, үшінші орынды иеленген. Талантты жастың осынау кішігірім жеңісі Қазақстандағы ұлттық мереке Республика күні қарсаңына тұспа тұс келді. Бұл менің қуанышымды еселей түсті дейді Зарина.
Зарина Қонысбаева, Өзбекстан мемлекеттік педагогика университетінің 2 курс студенті:
25 қазан Қазақстанда Республика күні мерекесі. Бүкіл Қазақстан халқын осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Беделі асқақтай берсін, жасай берсін. Осынау жеңісімді Қазақстаныма арнаймын.
Орталық Азия аумағында қазақтар мен өзбектер ғасырлар бойы тату көршілікті сақтап, мәдени-рухани қарым-қатынасты үзбеген. Өзбекстандағы қазақтар салт-дәстүрге берік, тілі мен дінін көздің қарашығындай сақтап келеді. Қазақстанның әрбір жетістігіне шаттанып, кеудемізді мақтаныш кернейді, - дейді олар.
Серікбай Үсенов, Өзбекстандағы қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы:
Өзбекстанда жасап жатқан миллионнан астам қазақтың атынан шын көңілден құттықтаймыз. Біз қанымыз қазақ болған соң атамекендегі әрбір оң өзгеріске ықыласпен қарап елдің өркендеп, өсіп жатқанын естіп қуанып отырамыз. Бұл мейрам барлығымызға қуаныш алып келсін. Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын.
25 қазан – Қазақстанның мемлекеттік тарихын айшықтайтын кезеңнің бірі. Бұл күн – ел егемендігінің іргетасы қаланған, тәуелсіздікке жол ашқан маңызды бір белес. Сондықтан атамекеніміз қазақ елі үшін ұлық мереке саналатын бұл дата біз үшін де қуанышты күн, - дейді өзбек еліндегі қандастарымыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
