ШҚО-да 2 млрд теңге жымқырғандарға қатысты тергеу басталды
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі хабарлады. Күдіктілердің қатарында – «QazConstructions» серіктестігі бұрынғы директорының орынбасары, Күршім ауданы мәслихатының депутаты бар. Алдын ала тергеу мәліметінше, жемқорлық күдігіне ілінгендер екі облыста 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын 7 ауылды сумен қамтуға арналған құбыр желілерін пайдалануға бермеген. Жымқырылған қаржының жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден асады.
Бюджетке қол салғандар өздерінің байланысы бар компаниялар арқылы қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырылған. Қылмыстық жолмен алынған табысқа Астанадағы қымбат санаттағы тұрғын үй кешендерінен пәтерлер, «Lamborghini Urus», «Cadillac Escalade», «Mercedes» автокөліктері мен асыл тұқымды жылқылар сатып алынған. Бұл мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.