Алматы әкімі: Жауапсыз мердігерлер жазаланады
Алматыда келісімшарт мерзімін үнемі бұзып, құрылыс нормаларын сақтамайтын тоғыз мердігер анықталған. Бұл – қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесі. Қала басшысы жауапсыз компанияларды шаһардағы жобаларда жұмыс істемеуі тиіс деді. Дархан Сатыбалды мерзім мен сапа талаптарын бұзған мердігерлерге қатаң шара қолданылатынын ескертті.
Қазір Алматыда әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жол инфрақұрылымына шағым көбейген. Тұрғындар әсіресе мектеп пен балабақша құрылысының созылып кеткеніне, саябақтар мен жағалауларды абаттандыру жұмыстарының уақытылы аяқталмай жатқанына наразы. Осыны ескерген шаһар әкімі мердігер ұйымдардың құрылтайшыларымен жиын өткізіп, жұмысына немқұрайлы қараған компанияларға ескерту жасады.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
Кейбір компаниялар бір нысанды бітірмей жатып, жаңасын қолға алатын келеңсіз әдет қалыптастырған. Мұндай тәжірибеге мүлде жол беруге болмайды. Өйткені мәселе адамдардың қауіпсіздігі мен жайлы өмірі туралы болып отыр. Егер мердігер міндетін тиісті деңгейде орындамаса, оның қала жобаларында жұмыс істемеуі керек.
Қала құрылысын бақылау басқармасы жүргізген мониторинг нәтижесінде келісімшарт мерзімін үнемі бұзып, құрылыс нормаларын сақтамайтын тоғыз мердігер анықталған. Олардың жұмысында жобадан ауытқу, ұйымдастыру деңгейінің төмендігі және құжат жүргізудегі салғырттық жиі байқалған.
Олжас Төлебаев, Алматы қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы:
Бүгінгі таңда Алматыда құрылыс, жол саласы бойынша жалпы құны 585 млрд теңгенің 147 жобасы іске асырылып жатыр. Мониторинг барысында 9 мердігер компанияның 26 жобаға қатысып жатқаны анықталды. Оның 17-сі нысанды тапсыру уақытынан кешіккен. Сондай-ақ сапаға қатысты талаптарды бұзған.
Кеңес қорытындысы бойынша Алматы әкімі Қала құрылысын бақылау басқармасына мұндай нысанды әр апта сайын қатаң қадағалауды тапсырды. Қажет болса, жауапсыз мердігерлер лицензиясынан айырылып, материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетінін ескертті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
