Басты Жаңалықтар АҚШ үкіметінің жұмыс істемей тұрғанына 20 күн болды

АҚШ үкіметінің жұмыс істемей тұрғанына 20 күн болды

Шатдаун. Яғни АҚШ  үкіметінің жабылып, федералдық қызметтердің тоқтап тұрғанына бүгін 20 күн. Қос партия өкілдері үш аптадан бері бюджет шығыстарына қатысты ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Ал, сарапшылардың есебінше, үкіметтің уақытылы қаржыландырылмауынан ел экономикасына миллиардтаған доллар шығын келмек. 

АҚШ үкіметі қаржы бөлінбегендіктен осы айдың басында жартылай жабылған. Сенат қаржыландыру мәселесін осы кезге дейін  он рет талқылағанымен, ортақ мәмілеге келе алмады. Конгрестегі саяси келіспеушілік салдарынан 1,5 миллионға жуық федералдық қызметкер ақысыз демалысқа жіберілген немесе жалақысыз жұмыс істеп жүр. Тіпті, Жоғарғы Соттың өзі қызметін шектеуге мәжбүр болды.

Сюзан Ди:


Халық қажет ететін көптеген қызметтер тоқтап тұр. Әр күн өткен сайын жағдай ушығып барады. Тұрғындар төлемдерін төлей алмай жатыр. Кейбір қызметтер ғана істеп тұр. Алайда, оларға бөлінген ақша таусылуға жақын. Яғни көптеген бағдарламалар жабылу алдында тұр. Бұл халыққа үлкен қиындықтар туғызбақ.

Тони Осман:

Әрбір ел экономикалық мәселелермен бетпе-бет келеді. Кейде бұл осындай үкіметтің жабылуына әкелуі мүмкін. Саяси процесс сондай. Америка мұны да еңсереді деп ойлаймын. Оған үміт басым. Тек кімге қанша ақша жұмсалады? Басты сұрақ сол.

Алиса:

Өкілдер палатасы мен Сенат халық үшін бір қорытындыға келуі керек. Себебі олар халыққа қызмет көрсету үшін, халық мүддесін қорғау үшін құрылған. Түптеп келгенде бұл шатдаун әрбір адамға қаржылық, саяси және басқалай да үлкен әсер етеді.

Үкімет шығыстарына қатысты заң қазір Сенаттан өтпей тұр. Трамп әлеуметтік шығыстарды, оның ішінде, денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны  қысқартқысы келеді. Бірақ демократтар бұған қарсы. Себебі табысы төмен миллиондаған америкалық медициналық сақтандырудан айырылмақ. Олар керісінше «қорғаныс саласына қаралған қаржы азаюы тиіс»,- деп санайды. Қалай болса да үкіметтің жабылуынан ел экономикасы едәуір зардап шекпек. Сарапшылардың айтуынша 2018-2019 жылдардағы үкімет жұмысының жартылай тоқтауынан экономикаға 11 миллиард шығын келген.

Хаким Джеффрис, Өкілдер палатасындағы демократтар тобының жетекшісі: 

Біз үкіметті қайта ашуымыз керек, әрі оны дәл қазір істеуіміз қажет. Бірақ Өкілдер палатасындағы республикалықтар үш апта бойы  демалыста жүр. Мүлдем таппай отырмыз.  Капитолийде де, өз округтерінде де ешкім оларды көрмейді. Олар қоғамдық кездесулер өткізбейді, федералдық қызметкерлермен жолықпайды, өз сайлаушыларымен сөйлеспейді. Үкімет жұмысы тоқтап тұрған шақта үш апта демалыста жүр.

Қалай болса да, бұл соңғы отыз жылдағы АҚШ тарихындағы екінші ең ұзақ үкіметтің жабылуы болып отыр. Бұған дейін жеті жыл бұрын Трамптың тұсында 35 күн бойы тоқтап тұрған. Енді бұл жолғысы тағы қанша күнге созылатыны белгісіз. Бүгін де Сенаттағы республикашылдар мен демократтар бюджет шығысына қатысты жиын өткізіп, саяси мәселені шешуге тырысып көрмек.


 


Бөлісу